Кеңес Рақышев федерациядан кетті
Қазақстан бокс федерациясына жаңа президент тағайындалды. Енді федерацияны Шахмұрат Мүтәліп басқарады, деп хабарлайды Uaqyt. info.
Айта кетейік, бұған дейін лауазымды міндетті Кеңес Рақышев атқарған болатын. Бүгін Астанада өткен жиында федерацияның жаңа президенті таныстырылды. Шахмұрат Мүтәліп ҚБФ алдындағы міндеттерін абыройлы атқарып, сенім білдіргендерге алғысын жеткізді.
“Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ ролін ел ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын.
Биыл өтетін маңызды додалар қарсаңында команданың алдында үлкен бір мақсат тұр. Өз тарапымыздан дайындыққа қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз. Бірлесе еңбек ету арқылы отандық бокстың әлемдік аренадағы беделін нығайта түсеміз”, - деді ҚБФ жаңа басшысы.
Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы Казцик ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС иегері.