Saturday, 23 November,2024

Экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды

Uaqyt.info 2024-05-14T09:31 192
Экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды

Судья Айжан Құлбаева экс-министр Қуандық Бишімбаев пен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа үкім шығарды. Бишімбаев 24 жылға сотталды, деп хабарлайды Uaqyt.info  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

“Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған: 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру, 99-баптың 2-бөлігімен 20 жыл бас бостандығынан айыру, жазаны ішінара қосу арқылы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья.

Сонымен қатар Бишімбаевтан мемлекет кірісі ретінде сот сараптамасын жүргізуге кеткен сот шығындары 2 млн 306 мың 382 теңге, Байжановтан 3 324 теңге өндірілетін болды. Бишімбаевтан жәбірленушіге өтемақы қорына 30 АЕК (103 500 теңге) мәжбүрлі төлем, Байжановтан – 20 АЕК (69 мың теңге) мөлшерінде өндіріледі.

Сондай-ақ судья Айжан Құлбаева сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады.

"Алқабилер Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарды, оған сәйкес ол кінәлі деп танылды. Жаза мөлшері туралы мәселені де алқабилер мен судья ашық дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен шешті. Үкімге сәйкес сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысында зерттелген жәбірленушінің, куәлардың айғақтары, аудио-бейнематериалдар, сараптамалық қорытындылар және қылмыстық істің басқа да материалдары алқабилердің назарына алынды", – деді судья.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бишімбаев ісі бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды

Uaqyt.info 2024-05-14T09:34 209
Бишімбаев ісі бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінде екінші сотталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды деп хабарлайды Uaqyt.info Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы – "Қылмысты жасыру" бойынша айыпталды. Оған 6 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы 22,1 миллион теңге) айыппұл салу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны қарастырады.

“Байжанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтейді”, – деді сот Айжан Құлбаева.

Бақытжан Байжанов сот шығарған үкіммен келіспейтінін жеткізді.

Соттың “Сотталушы Байжанов, сот үкіміне қатысты сұрақтарыңыз бар ма?” деген сұрағына ол: “Иә, бар. Рас айтамын, неге маған 4 жыл” деп жауап берді.

“Алқабилер сотының үкімі дауыс беруді ескере отырып, осындай шешім қабылдады. Сіз үкімнің көшірмесін алғаннан кейін 15 күн ішінде шағымдануға құқығыңыз бар”, – деді Айжан Құлбаева.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр.

Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге ауыстырылды

Uaqyt.info 2024-07-24T09:06 133
Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге ауыстырылды

Әйелін өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияға ауыстырылды. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады, - деп хабарлайды Uaqyt.info.

"Сотталушы сот үкіміне сәйкес, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге жібірілді. Сонымен қатар, Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабына сәйкес сотталғандар тіркеуге сәйкес жазасын өтеу орындарына жіберілетінін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Қуандық Бишімбаевтың түрмеден қашып кеткені рас па?

Uaqyt.info 2024-11-11T09:45 27
Қуандық Бишімбаевтың түрмеден қашып кеткені рас па?

Әлеуметтік желілерде әйелін өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың түрмеден қашып кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Uaqyt.info El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

“Қазақстанның бұрынғы министрі колониядан қашып кетті. Ол резонос тудырған қылмыстық іс бойынша 24 жылға сотталған болатын”,-деп жазылған желідегі ақпаратта.

Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл мәліметті жоққа шығарды және жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

“Әлеуметтік желілерде жазасын өтеуші Қуандық Бишімбаевтың түзеу мекемесінен қашып кеткені туралы   ақпарат тарауда. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Ол қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп отыр. Жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаймыз”,-делінген ҚАЖК мәліметінде.