Monday, 16 September,2024

“Мен туралы жазшы” - Заманбек Нұрқаділовтің 20 жыл бұрынғы сұхбаты

Uaqyt.info 2024-01-20T11:37 132
“Мен туралы жазшы” - Заманбек Нұрқаділовтің 20 жыл бұрынғы сұхбаты

Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің «Жас Алаш» газетінде жарияланған 20 жыл бұрынғы сұхбатын Jas Alash порталы ұсынды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

–  Ғылым мен техника өз алдына, бірақ, мына жағы Қытай, анау Жапония, сонау Америка, Индонезияға дейін, қысқасы, бүкіл дүниежүзі жер сілкінісінен тышқанды да, мысықты да күні-түні бақылауда ұстайды. Олар табиғатта жер сілкінісі болардан аз уақыт болса да бұрын реакция беретін қандай жануар, жәндік бар, соның бәрін бақылауда ұстап, зерттеп жатыр. Сонда да, зілзала Алла Тағаланың ғана қолындағы нәрсе.

Эверест біз мектепте оқып жүргенде 8 848 метр болатын, қазір – 8 882 метр. Көріп отырсыздар, отыз метрден астам жоғарылаған. Жер астының бәрі қыртыс-қыртыс. Оның қанша жерге созылып жатқанын ешкім де білмейді.

Ал Жапониядағы жер сілкіністеріне келсек, Тынық мұхитының ең терең жері Жапонияның жанында. «Мариан ойпаты» дейді, тереңдігі – 11 048 метр. Мұхитта одан терең жер жоқ. Сол жерде түрлі процестер болып жатыр. 90-жылдардың басына дейін Алтай тауларында 3-4 балдық қана жер сілкінісі болуы мүмкін деп есептеліп келген. 1991 жылы жер сілкінісі болып, Зайсанның маңында талай үй қирап қалды. Зайсандағы жағдайды кездейсоқтық деп есептеді. Ал қазір Алтай өлкесінде не болып жатыр? Бірінен кейін бірі 7-8 балдық жер сілкінісі болды. Мұндай жағдай өмірде болмаған. Құландыда болған жер сілкінісі, Түркиядағы, Ирандағы, Шығыс Қазақстандағы жер сілкінісінің бәрі бір ғана процестің нәтижесінде болған қозғалыстар. Оның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.

Осы жерде отырғаннан кейін қай мемлекетте қандай мүмкіншілік бар екенін білеміз ғой, енді. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Мәскеуге, Шойгуға бардым, материалдық-техникалық базасымен таныстым. Шахраманян деген азамат бақаратын ғылыми-зерттеу институты бар, институт тек қана осы жер сілкінісі мәселелерімен айналысады. Шахраманянның орынбасары – қазақ. Саратовтың қазағы. Тек сейсмологиямен айналысады, нағыз осы саланың маманы. Сол жігіт осында екі рет келді, біздің сейсмология институтын көрді. Қарап отырсақ, ресейліктер бізден мүлдем бөлек жолмен кетіпті. Олар ғарыш мониторингімен айналысады екен. Содан кейін Кавказ тауларына арнайы датчиктер қойған. Сынақ үшін қойылған әлгі датчиктер ғарыш мониторингімен өзара тығыз байланыста. Олар белгілі бір аймақта қандай да бір электромагниттік сәуле береді екен.

Қайбір жылы Түркияда қатты жер сілкінісі болып, үлкен зардап шекті ғой. Соны ресейліктер алдын ала біліпті. Тіпті, бір ай бұрын сыртқы істер министрлігі арқылы хат та жіберіпті. Бір апта қалғанда, күшін білмейміз, бірақ, осы аптаның ішінде жер сілкінісі болатыны анық» деп сақтандырыпты. Түркия құлағына да қыстырмаған. Ақыры жер сілкініп, одан мыңдаған адам мерт болды. Түркияда тағы бір жер сілкінгенде, ресейліктер бір апта бұрын ескерту жасапты. Түріктер қажетті шараларды қолға алып, халық аман қалды.

Иранда да алпыс-жетпіс мың адам үйінді астында қалып өлді ғой. Шахраманянның институты Иранға да ескерту жасаған, «бәлен қалаға, бәлен жерге қауіп төніп тұр» деген. (Датчиктер Кавказ таулары арқылы Түркия, Иран жағын қамтып отырады, ондай датчиктер енді Алтай тауларына да қойылайын деп жатыр. Иран да пысқырып та қарамаған. Ақыры анау болды. Мен солармен келістім, Шахраманянның өзін шақырдым. «Біздің тауларға да датчик қойып беріңдерші», – дедім.

Олар тек қана сейсмологиялық зерттеу мақсатында ғарышқа төрт кіші жер серігін жіберді. Төртеуі де бүкіл жер шарының үстінде ілініп тұр, жер шарымен бірге қозғалады және бүкіл әлемдегі жағдайды бақылауда ұстайды. Орыстар сол арқылы дүниежүзіндегі жер сілкінісін болжап-біліп, сол арқылы ақша таппақшы. Егер олар біз ғарыш мониторингіне кіргенше сертификат алып алса, миллиондап емес, миллиардтап төлейміз. Үш премьерге ыза болып отырғаным, мәселенің мән-жайын қанша айтсам да, түсіне алмады. Тоқаевқа ренішім жоқ, «берем» деп еді, кетіп қалды.

Өздерің ойлап көріңдерші, қаланың өзінде ғана бір жарым миллион халық тұрады. Қаскелең, Есік, Талғар жақты қоспағанның өзінде. Сонда әр адамға бір доллардан келеді екен. Соны қимай отыр. «Мониторингке кірейік, олар бізге күнбе-күн мәлімет беріп отырсын», – дедім. Бермеді. Мысал үшін, бір ғана Тараздың тойына одан әлденеше есе артық ақша жұмсаппыз. Сонда, адамның жаны тойдан да құнсыз болғаны ма? Мына Даниалдан бірдеңе шыға ма десем, түк те шықпайды екен. «Өзі құрылысшы ғой, төтенше жағдайларды түсінетін шығар» деп едім, түсінбеді. Ол ақшаның маған түкке де керегі жоқ, бүгін отырмын, ертең кетем. Барынша осы агенттікті бір сатыға болса да көтеріп кетейін деп жүрмін. Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі дүниежүзінде алдына ешкімді салмайды. Дүниенің қай түкпірінде қандай апатты жағдай бола қалса да, ресейлік құтқарушылар бір жарым-ақ сағат ішінде бүкіл керек-жарағымен, азық-түлік, дәрі-дәрмегімен сол жерге ұшып кете алады. Оны Американың өзі мойындап отыр. Шойгудың жүздеген ұшағы бар, он мыңдаған жап-жаңа техникасы дап-дайын тұр. Ал менің 2-3 жаман тікұшағым бар, жаман-жұман 1 ұшағым бар, өңкей ескі-құсқы техника. Өте жақсы дайындықтан өткен 32 мың құтқарушым бар. Қапшағайдың маңында дайындықтан өтетін жер бар, оны Шойгудікінен асырып жасамасам, кем жасағым жоқ.

«Мұның бәрін неге айтып отыр?» дерсіңдер, бұл – айтуға ғана оңай шаруа. Мен агенттікке келгенге дейін Үкіметте төтенше жағдайлар жағын орынбасарлар бақылайды екен, Тоқаев келгенде айттым: «Бүкіл дүниежүзінде төтенше жағдайларды тікелей президенттер бақылайды екен, президентті қояйық, өзің алшы осы саланы, мәселемді саған айтып тұрайын», – дедім. Тоқаев өзіне алды, Иманғали да өзіне қалдырды. Даниал келді де, Павловқа берді. Павловтан бірдеңе сұрасаң, әй-шәй жоқ «қанша тұрады?» дейді. Адамның бағасын осылай ақшамен өлшеуге бола ма? Мен қайдан білем қанша тұратынын? «Рұқсат бер, смета жасайық», – дедім. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма бар ғой, сол алты-ақ балға есептелген. Ертең анау-мынау жағдай болып, сол судың бәрі төмен кетсе, не болады? Шардараның жайы анау. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деп, бәрі маған жабысады. «Қайда қарап отырсың?» дейді. Мен қайда қарап отыруым керек? Шардараны жасаған Нұрқаділов емес. Шардараның проблемасын тудырған Нұрқаділов емес. Оны шешетін де Нұрқаділов емес. Оны екі мемлекет бірлесіп отырып шешуі керек.

Соған 80-90 миллион теңге сұрағанда, Даниал «ақша жоқ» деп бермей қойған, кейін 80 миллион емес, 280 миллион берді. Орыстар «скупой платит дважды» дейді ғой, біз екі еседен де артық төлеп жатырмыз.

Сұхбаттың толық нұсқасын Jas Alash порталынан оқи аласыздар.

 

Заманбекті Мақпалдың өлтіргені рас па? Әнші халықтың алдында бар шындықты айтты

Uaqyt.info 2024-03-12T09:44 152
Заманбекті Мақпалдың өлтіргені рас па? Әнші халықтың алдында бар шындықты айтты

Халық әртісі Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне қатысты бар шындықты айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Алматыда өткен концертінде Мақпал Жүнісова күйеуі Заманбек Нұрқаділов туралы ел білмейтін құпияны ашты. Оның айтуынша, күйеуінің өліміне әлі күнге оны кінәлайтындар көп екен.

“Біресе анау өлтірді, біресе мынау өлтірді дейді. Енді соңында келіп мені өлтірді деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады. Оны да естіп жатырмын. Туған балалары сондай әңгіме таратып жатқан көрінеді. Мақпалдың өлтіруі мүмкін деген. Алла бар ғой төбеде. Қолымыз қан болса, осылай жүрмес едік. Зәкең де ондай азамат емес қой: “Мақпал мен үш рет ата сал” дейтін”, - деді әнші.

Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділов атылған күні үйде болғанын айтады. Бірақ күйеуі сол кеште әншіге үйден шықпауға бұйрық беріп, жанына жолатпапты. Ал өлгеннен кейін полицейлермен бар шаруаны ұлы Қайрат Нұрқаділов тындырыпты. Бейнебақылау камераларына түскен таспаларды да сол ұлы тәртіп сақшыларына өткізген.

“Қайтыс болған күні мен үйде болдым, құрметті Қайрат Нұрқаділов. Сізге жауап берейін халықтың алдында. Бәрі біледі, шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын. Бірақ ол кісіні екінші үйде атып кеткен. Шамамен 19.15-те атыпты. Өйткені 18.40-та мен ол кісімен сөйлестім. Ол кісі маған “мына үйге жолама” деп айқайлады. “Неге?” деп едім, “үйге жолама, ана үйге тез қайт” деді балконнан. Оның неліктен бұлай айтқанын кейіннен білдік қой. Соны біраз адамдар басқаша сұхбат беріп, бұрмалап жатыр. Олай істеудің қажеті жоқ деп ойлаймын.  Сол күнгі түсірілген нәрсенің барлығын Қайраттың өзі полицияға алып кетіңіздер деп бұйрық берді. Менің рұқсатымсыз. Негізі 16 камераның 14 ауланың ішінде болған. Кім кірді, кім шықты, бәрі көрініп тұр. Содан міне 17 жыл өтті. Мен “өлтірді” деп айқайлағанда, неге балалары, қызы, бұрынғы әйелі неге маған қосылып бірге айқайламады? Өз-өзін атпады деп неге айтпады? Өз-өзін атты деп қол қойып берген солар ғой. Мен емес! Сондықтан да жүйкемді тоздырмасын. Зәкеңнің әруағына тыныштық берсін!, - деді Мақпал Жүнісова.

Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы өз үйінде өлі табылды. Тергеу деректерінің қорытындысы бойынша, ол өз-өзін үш рет атқан.

Алматыда Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

Uaqyt.info 2024-05-24T08:41 198
Алматыда Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

Алматыда саясаткер, Алматының тұңғыш әкімі Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Алматыда Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш тақта орнатылды - Қазақстан және  әлемдегі соңғы жаңалықтар

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына саясаткердің туыстары, жерлестері және жақтастары жиналды. Айта кетейік, Құрманғазы мен Мәуленов көшелерінің қиылысындағы бұл үйде Заманбек Нұрқаділов Алматы әкімі боп тұрғанда мекендеген.

Қазір бұл шаңырақта марқұмның бірінші әйелі және немерелері тұрады.

Осы үйге көшіп келгенде мен 17 жаста едім. Бұл үйде атақты жазушылар тұратын. Әкем осы жерді ерекше жақсы көрді. Айналасы ашық, тыныш аудан еді. Қазір бұл үйде анам тұрады. Әкемнің отын өшірмей, заттарын сақтап отыр. Бүгін, міне, Президентіміздің пәрменімен әкеміз ескерткіш тақта ретінде шаңырағына қайта оралды”, - деді Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов.

Uaqyt.info бұған дейін Заманбек Нұрқаділовтің туған жері Кегенде ескерткіші ашылғанын жазған болатын.