Түркістан облысындағы оқушылардың жаппай төбелесі видеоға түсіп қалды
Түркістан облысында оқушылар жаппай төбелес шығарды. Жанжалдан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Оқушылардың төбелесі Instagram әлеуметтік желісінде пайда болды. Онда екі тарапқа бөлінгендердің бір-біріне жұдырық ала жүгіргенін көруге болады. Облыстық ПД мәліметінше, төбелес 11 маусымда Қазығұрт ауылындағы ипподрома болған.
"Бейнежазбадағы оқушылар арасындағы бұл оқиға өткен жексенбіде футбол ойнағаннан кейін болған. Тексеру кезінде ауруханаға ешкім бармаған және полицияға мұндай ақпарат түспеген. Сондай-ақ құқық қорғау қызметкерлері төбелес шығарған жасөспірімдерді видеоға түсіріп, сұрақтар қойылды", - деді облыстық полиция департаменті.
Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 100-ден астам адам зардап шекті
Қырғызстанда өткен көк-бөрүден Президент кубогының финалы жаппай тәртіпсіздікпен аяқталды. Жанжал "Достук" пен "Ынтымақ" командалары арасындағы ойыннан кейін шыққан, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ош облысындағы "Толойкон" ипподромында болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, тәртіпсіздік "Достук" пен "Ынтымақ" командалары арасындағы ойын біткеннен кейін басталған. Жанкүйерлерге төрешінің жеңісті "Ынтымақ" командасына бергені ұнамаған секілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, ашуға мінген олар төрешіні соққыға жығып, кейіннен полицейлермен қақтығысқан. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, тәртіпсіздіктер салдарынан 100-ден аса адам зардап шеккен. Ауруханада екі адам жатыр.
Желіде тараған видеодан жаппай тәртіпсіздікті трибунадан мемлекет басшысы Садыр Жапаров, Бас прокурор Құрманқұл Зұлушев және Жоғарғы сот төрағасы Замирбек Базарбековтің көргенін байқауға болады. Қазір бұл дерек бойынша МҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев тергеу амалдарының басталғанын жеткізді.
Жүлде қоры 82 миллион: Алматыда бәйгеден ел чемпионаты өтеді
Алматыда бәйгеден ел чемпионаты өтеді. Шара 7 қазанға жоспарланған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Алматы қаласының ипподромында ұлттық ойындар көркі қызбақ. "Бәйге Федерациясы" 7 түрлі сайыс түрі аясында кең көлемді жарыс өткізбекші.
Яғни Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге, Жорға жарыс, Қазақстанда туылған құнандар бәйгесі, Ұлы аламан және екі жасар тұлпарлар арасындағы ұшқыр бәйге.
Ең бастысы бұл жарысқа тігілген жүлде қоры өте қомақты. 82 миллион 500 мың теңге.
Ал көрермендер тегін тамашалай алады.
42 гектар жер кімге керек болды? Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілмек
Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілмекші. Тарихи нысанды кімдердің нысанаға алғаны әзірге белгісіз. Атбегілердің айтуынша, 42 гектар жерге көз тіккендер ипподромды сүріп, оның орнына тұрғын үй немесе сауда орталығын салмақ, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл мәселені Uaqyt.info тілшісіне 30 жылдан бері осы ипподромда ат баптайтын Аман Құсайынов жеткізді. Оның айтуынша, тарихи нысанға көз тіккендер алыстан келмеген. Сол жерде ат ұстайтын 4-5 кәсіпкер бірігіп, халықаралық стандартқа сай келмейді деген желеумен ипподромды сүріп тастамақшы.
Тіпті инвестор тауып, қаланың сыртынан жаңа атшабардың жерін де ыңғайластырып қойған. Бірақ оған атбегілер сенбей отыр.
“Мынаны сүріп, бізге жаңа ипподром салып береміз деп жатыр. Әуелі бізге салып берсін! Еуропалық стандартпен салу үшін оған пәленбай миллион доллар ақша керек. Біз олардың айтып отырған ипподромы салынбай қалып, мына атшабарымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқып отырмыз. 90 жылдық тарихы бар тарихи нысанды осылай құртпақшы. Қазір ол жерде 250 ат тұр. Екі жетіде бір рет жарыстар өтіп жатыр. Олардың бұл жерде көксегені – жер. 42 гектар жерге коммерциялық нысан немесе тұрғын үйлер салмақшы. Бұған біз жол бермеуіміз керек”, - деді Аман Құсайынов.
Ипподром төңірегіндегі шу биыл ғана пайда болған мәселе емес. Бұған дейін де сүру туралы әңгімелер жиі айтылған. Аман Құсайыновтың айтуынша, сол кезде белгілі балуан Ислам Байрамуковтың араласуымен ол кейінге шегеріліпті. Сәл ұмыттырып ескі дау қайта басталды дейді ол.
“Сүру туралы әңгіме бұған дейін де талай айтылған. Сол кезде журналист Нұрсейіт Жылқышыбай мен Ислам Байрамуков екеуі араласып, алып қалған болатын. Енді міне тағы сол әңгіме алдымыздан қайта шығып отыр. Кезінде Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектің қаулысымен ипподром жергілікті тарихи және мәдени маңызы бар нысандардың қатарына кірген болатын. Енді сол тарихи нысанды сүрмекші”, - деді атбегі.
Айта кетейік, бұл ипподромның қожайыны шетелдік азамат. Қазіргі таңда Германияда тұрады екен. Атбегілердің айтуынша, ол үшін тарихи нысанның құндылығы ақшаның салмағында ғана. Қаражатына келіссе болды, кез келген уақытта ипподромды сатып жібере алады. Бірақ атбегілер қалай болмасын, ондай әрекетке жол бермейміз деп отыр.
Алматыдағы ипподром орнына тұрғын үй салына ма? Әкім жауап берді
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ипподром маңында салынатын құрылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Қаланың бас жоспарында 2040 жылға дейін "ипподромды пайдалану үшін" учаскенің нысаналы мақсаты бекітілген. Жер иелерінің бірі құрылыс салу туралы жоспары барын айтса, солай болады деген сөз емес. Барлығы бас жоспарға сәйкес заң аясында болады”, – деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілметінін айтып, атбегілер бұған дейін шу көтерген болатын. Тарихи нысанды кімдердің нысанаға алғаны әзірге белгісіз.
Атбегілердің айтуынша, 42 гектар жерге көз тіккендер ипподромды сүріп, оның орнына тұрғын үй немесе сауда орталығын салмақ. Бұл туралы Uaqyt.info жазды.