Thursday, 19 September,2024

Ақкенттегі өрт: Алматыдағы төтенше жағдай кезінде бір әйел қаза тапты

Uaqyt.info 2023-08-02T08:56 283
Ақкенттегі өрт: Алматыдағы төтенше жағдай кезінде бір әйел қаза тапты

Алматының Алатау ауданындағы Ақкент ықшамауданында болған өрт кезінде бір адам қаза тауып, 30-дан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Ақкент ықшамауданындағы көпқабатты үйден шыққан өрт бір адамның өмірін қиды. Алдын ала болжам бойынша, қызыл жалын тоқтың қысқа тұйықталуынан болған.

 Куәгерлерлің айтуынша, шахтадан шыққан өрт пәтерлерді шарпып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірген. Соның салдарынан олар балаларын терезеден лақтыруға мәжбүр болған.

Әлеуметтік желіде биік терезеден жас қыздың секіргені жұрттың төбе шашын тік тұрғызған еді.  Айта кетейік, зардап шеккендердің ішінде - 26 бала, 2 жүкті әйел, 6 адам бар.

Ерболат Досаев өрттен қаза тапқан әйелдің отбасына көңіл айтты

Uaqyt.info 2023-08-02T09:36 267
Ерболат Досаев өрттен қаза тапқан әйелдің отбасына көңіл айтты

Алматы әкімі Ерболат Досаев өрт кезінде қайтыс болған әйелдің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

“Қайрат Жармұхамедұлы мен Жұмагүл Жұмашқызы, сіздердің қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Әселдің өмірден мезгілсіз өтуі сіздер үшін ғана емес, барлық алматылықтар үшін орны толмас ауыр қайғы. Туған баласынан айырылу ата-ана үшін өте ауыр. Орны толмас ауыр қазада сіздерге сабыр мен төзімділік тілеймін. Сіздердің қыздарыңыз, Әселдің әпкесі Айжанның тезірек сауығып кетуін тілеймін”, - деді Ерболат Досаев.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы Ақкент ықшамаауданыдағы өрттен бір адам қаза тапқан болатын. Uaqyt.info бұл туралы бұған дейін жазды.

Ақкенттегі өрт: Құрылыс компаниясы тұрғындарды уақытша пәтермен қамтып, 20 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын бітіруге міндеттелді

Алмас Абылай 2023-08-03T13:36 193
Ақкенттегі өрт: Құрылыс компаниясы тұрғындарды уақытша пәтермен қамтып, 20 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын бітіруге міндеттелді

Қалалық әкімдік "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккен баспананы қайта қалпына келтіру, ондағы тұрғындарды жұмыс аяқталғанша уақытша пәтермен қамтуды құрылыс компаниясы мойнына алғанын айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй кешенін салушы – "Ayt housing Complex" ЖШС-і 20 қыркүйекке дейін барлық жұмыстарды аяқтауы тиіс. Яғни ол қатарда мына шешімдер бар:

  • 2 қыркүйекке дейін "Ақкент" ТК пәтерлерінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру;
  • құрылыс салушының қаржысы есебінен кіреберіс алаңдарына жөндеу жүргізу;
  • құрылыс салушының қаржысы есебінен есіктер мен терезелерді ауыстыруға, құтқару операциясы барысында тартылған балкондарды жөндеуге жұмсалатын шығындарды өтеуге;
  • пәтерлерде әрлеу жұмыстарын жүргізу (левкас/қабырғаларды, төбелерді бояу (жөндеуден кейінгі жұмыстарды тұрғындар өздері жүргізеді);
  • барлық жұмыстарды аяқтап, тұрғындарға пәтерлерге 20 қыркүйектен кешіктірмей кіруге рұқсат беру;
  •  пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде тұрғындарға уақытша тұру бойынша шығыстарды өтеуге немесе ТЖ желісі бойынша шаралар аясында тұрғын үй беруге міндеттелген.

Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасы да зардап шеккендерге денсаулықты қалпына келтіру бойынша, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (мамандандырылған емдеу, емдеуге жатқызу) шеңберінде медициналық көмек көрсетеді.

Бір адамның өмірін қиған "Ақкенттегі" өртке кім кінәлі: Заңгер жауап берді

Алмас Абылай 2023-08-04T12:33 244
Бір адамның өмірін қиған "Ақкенттегі" өртке кім кінәлі: Заңгер жауап берді

Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрт әп-сәтте халықтың үрейін ұшырды. Тіпті салдарынан бір адам оттан қашамын деп жерге секіріп, көз жұмған болатын. Елдегі белгілі заңгер Думан Көпбаев төтенше жағдайға кімнің жауапты болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Көп қабатты тұрғын үй кешеніндегі өрт жедел сатыдағы электр тоғының дұрыс тоғыспауы салдарынан тұтанды деп айтылуда. Осы орайда Uaqyt.info тілшілері апатқа кімдердің жауапты болатынын белгілі заңгер Думан Көпбаевтан сұрап көрді. Сөзінше тұрғын үй қолданысқа берілгеннен кейін әрі қарайғы барлық күтіміне пәтер иелері кооперативі қарайды.

"Бұл жерде пәтер иелері кооперативі жауап береді. Лифтідегі электр сымынан өрт шықты деп жатыр ғой. Ал құрылыс компаниясы дұрыс салды ма, дұрыс салмады ма, оны КСК мен компания өздері шешеді. Тұрғындар бұл мәселе бойынша талап арыз қалдырғысы келсе міндетті түрде ол мәселеге КСК жауап береді. Себебі сол тұрғын үй кешенінің күтіміне жауапты пәтер иелері кооперативі ғой", - дейді заңгер.

Айта кетейік, бұған дейін "Ақкент" тұрғын үй кешенінде өрт шығып, 300 адам эвакуацияланды. 70 тұрғын зардап шекті. Тіпті төтеншеліктер келгенше оттан қашып құтыламын деген оймен терезеден секірген келіншек көз жұмған болатын.

Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінен тағы да өрт шықты

Uaqyt.info 2023-08-09T15:19 319
Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінен тағы да өрт шықты

"Ақкент" тұрғын үй кешенінен тағы да өрт шықты. Бұл жолы 9 қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтерде тұрмыстық заттар жанған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, өрт 8 тамызда түнгі сағат 3-тер шамасында тұтанған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер Алатау ауданы, "Ақкент" шағын ауданы, 68 үйден шыққан өртті сөндірді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

"9 қабатты үйдің 2-ші қабатындағы 1 бөлмелі пәтер ішіндегі S=30 м2 аумақта үй тұрмысындағы заттар өртенді (матрас, зақымдалған ас үй жиынтығы)", - деп хабарлады ТЖД-да.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі үйлердің бірі өртке оранып, соның салдарынан бір адам көз жұмған болатын. Марқұм әйел көпқабатты үйдің терезесінен секіремін деп мерт болған еді. Қайғылы оқиға туралы Uaqyt.info бұған дейін бірнеше материал жазды.