Sunday, 8 December,2024

90 жылдық тарихы бар ҚазҰУ БАҚ өкілдерін таңдай қақтырды (ФОТО)

Uaqyt.info
Фото

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы датаға орай университет басшылығы БАҚ өкілдерінің басын қосып, журналистерге жаңғырған оқу ордасының жетістіктерін көрсетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қазақстандағы ең алғашқы университеттердің бірі саналатын Қазақ Ұлттық университеті бүгінде адам танымастай өзгерген. Күрделі жөндеуден өткен оқу корпустары, жатақханалар, жаңадан бой көтерген ғимараттар мен ғылыми орталықтар көздің жауын алады.

Соның бірі жаңадан бой көтерген  «Farabi Hub» деп аталатын орталық.

Ғимарат заманауи үлгіде  жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Онда креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап секілді жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ ғимаратта  әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.

Кездесу  барысында мамандар журналистерге Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларын көрсетті.

Айтуларынша, қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микро спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни жерді зерттеу жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді”, - дейді мамандар.

Сондай-ақ журналистер «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының, суперкомпьютер орталығының,  «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай зертханасының жұмысымен танысты. Айта кетеу керек, Орталық Азия бойынша табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз  орталықты қос мемлекет бірлесе отырып ашқан. Мамандар зертхананың болашақта қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабына айналатынына сенімді.

Ғылыми орталықтан кейін журналистер қалашықтағы жатақханалардың жай-күйімен танысты. Универститет басшылығын айтуынша, ағымдағы жылы үш жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ал 2025 жылы 9 қабатты үш жатақхананың құрылыс аяқталып,  пайдалануға берілмек. Тоғыз қабатты ғимаратта студенттер  үшін оқу залдары, демалыс орындары, асхана, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.

Баспасөз турынан кейін бірінші проректор Еркін Дүйсенов БАҚ өкілдеріне университетте атқарылған ауқымды жұмыстар бойынша сұхбат беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс-жоспары туралы баяндады.

 

Ұсынылатын