Бақанастағы былық: 18 жастағы қыздың тоқ ішегін жыртқан кім?

Алматы облысына қарасты Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ақыл-есінде ауытқуы бар бойжеткеннің тоқ ішегі жыртылған. Алайда қылмыс орын алғанына қарамастан мекеме басшылығы істі жылы жауып, мәселені сыртқа шығармауға әрекет еткен. Алайда арнайы қызметтік тексеруден кейін ғана, қылмыстық іс қозғалып, директор жұмысынан шеттетіліпті. Даулы іске Uaqyt.info тереңірек үңіліп көрді.
Алматы облысында орналасқан Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан шу шықты. Uaqyt.info ақпараттық порталына түскен хабарламаға сәйкес, ақыл-есінде ауытқуы бар 18 жастағы қыздың денсаулығына айтарлықтай зиян келген. Анығырақ айтсақ, өзге науқас бойжеткеннің тоқ ішегін жыртып жіберген.
Алайда болған сұмдық жағдайға қарамастан орталық басшылығы мәселені жылы жабуға тырысқан. Не полицияға, не жедел жәрдемге хабар берместен, таныс хирургтарын шақыртып, өз беттерінше операция жасатады.
Бір жыл бұрын болған сұмдық жайт тек арада бірнеше ай өткеннен кейін ғана әмбеге аян болады. Алматы облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының заңгері Думан Көпбаевтың айтуынша, қызметтік тексерістен кейін орталықтағы біраз былықтың беті ашылған.
“Біздің басқармаға сол мекемеде жұмыс істейтін азаматтардан арыз-шағып келіп түсті. Содан біз 12 адамнан тұратын мониторингтік топ құрып, қызметтік тексеріс жүргіздік. Тексеріс барысында орталықта болған көптеген заңсыз әрекеттерге куә болдық. Соның бірі - 18 жастағы ақыл-есінде ауытқуы бар қызға қатысты. Нақты айтатын болсам, бойжеткенге өзге емделуші зорлық-зомбылық көрсетіп, тоқ ішегін жыртып жіберген. Бірақ басшылық құрам не полицияға, не жедел жәрдемге, не бізге хабар берместен хирург шақыртып, жәбір көрген қызға ота жасатады. Бұл - барып тұрған заңсыздық. Мекемедегі бейнебақылау камераларын біз үнемі тексеріп отырамыз. Алайда қылмыс болған сәттегі жазбалар өшіріліп кеткен. Содан біз мекеме басшысы Әбдрахманова Ләззат Қоқымбекқызын жұмыстан босатамыз және мекеменің үстінен қылмыстық іс қозғалуы туралы арыз түсіреміз. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижесі алдағы күндері дайын болады”, - деді Думан Көпбаев.
Заңгердің айтуынша, мекемедегі былықты жасырғысы келген бұрынғы директор орнынан тыныш кеткісі келмегенге ұқсайды. Ол облыс әкімдігіне, прокуратураға арыз-шағым түсірген.
“Ләззат Қоқымбекқызын біз жұмыстан шығардық. Бірақ ол өзін заңсыз жұмыстан шығарды деген желеумен арыз-шағымын жазып жатыр. Соның салдарынан Алматы облысы әкімдігі бізге тексеріс жүргізуді бастады. Ең сорақысы Еңбек инспекциясы жұмыстан босатылған Ләззат Қоқымбекқызын бірінші тамыздан бастап жұмысқа қайта алынсын деп отыр. Алдағы уақытта Әбдрахманованың осы арызы бойынша сот болады”, -дейді заңгер.
Uaqyt.info даулы мәселеге қатысты Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бұрынғы директоры Ләззат Әбдрахмановаға хабарласты. Ол телефон арқылы берген сұхбатында өзіне тағылған айыптарды түбегейлі жоққа шығарды. Оның айтуынша, қызға жәбір көрсетілген күні еңбек демалысында болыпты.
“Біріншіден – мен ол кезде еңбек демалысында болдым. Ешқандай зорлық-зомбылық болған жоқ. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бір қызмет алушы екінші қызмет алушыға шабуыл жасаған. Сол кезде қолымен жыртып жіберген. Мені жұмыстан қудалап кетірді. Қазіргі уақытта мен ол кісілермен соттасып жатырмын. Тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Мен бұл салада 22 жылдан бері қызмет етемін. Бастығыма бағынбағаным үшін қудаланып жатырмын. Бейнебақылау камералары ол кезде мүлде болған жоқ. Қанша рет хат жазып, орнатайық деп ақша сұрадым. Бір тиын да берген жоқ. Үнемделген қаржыға кейіннен өзіміз орнаттық. Бұл әрекеттертінің барлығы мені қаралау үшін жасалып жатқан дүние деп есептеймін. Уақыт – бәріне төреші”. Мен ол жұмысқа байланып қалғаным жоқ. Тек әділет орнаса екен деймін. Барлығын сот шешеді”, - деді Ләззат Әбдрахманова.
Әзірге сот отырысы қай күнге белгіленгені белгісіз. Қазіргі уақытта даулы мәселеге қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Uaqyt.info мәселені бақылауда ұстайтын болады.