Алматыда шу көтерген тұрғындарға құрылыс компаниясы жауап берді

Алматыдағы Академқалашық тұрғындарының назына танымал құрылыс компаниясы жауап берді. Бүгін "SABA GROUP" ЖШС өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, Әл-Фараби даңғылы бойынан бой көтеретін ғимараттың құрылысына қатысты мәлімдеме жасады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қалашықтағы тұрғындар үйлерінің жанынан салынатын нысанға қарсы шығып, тіпті Президенттің атына үндеу жасаған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Өз үндеуінде тұрғындар жаңадан салынатын ғимараттың сейсмикалық талаптарға сай келмейтінін және жасыл желектің түгі қалмай оталатынын айтып дабыл қаққан еді. Алайда көпшіліктің бұл уәжін компания өкілдері теріске шығарып отыр.
Баспасөз мәслихатында олар бұл ғимарат керісінше қала келбетіне көрік беретінін әрі үндеуде айтылғандай биік емес, тек бес қабатты нысан болатынын алға тартты. Компания президенті Ілияс Карбозовтың айтуынша, онда қаланың бас жоспарына сәйкес, қонақүй және бизнес орталықтары болады.
“Біз тұрғындардың уәжімен толықтай келісе алмаймыз. Бірақ кей талаптарын ескеріп, құрылысқа бірқатар өзгерістер енгіздік. Халықтың өтініші бойынша, қонақүйдің батыс бөлігінен коворкинг не асхана салынады. Тағы бір айта кетерлігі, аялдамаға апаратын жол жабылмайды. Біз әу баста тоғыз қабатты ғимарат саламыз деп жоспарлағанбыз, бірақ тұрғындардың өтінішінен кейін бес қабатқа дейін төмендеттік”, - деді компания презденті Ілияс Карбозов.
Жиын барасында Ілияс Карбозов тұрғындардың жасыл желек оталады деген уәжін жоққа шығармады. Бірақ жойылған ағаштардың орнына он есе көп жасыл желек егілетінін айтып сендірді.
“Құрылыс барысында 400 ағаш пен бұта жойылады. Бірақ оның орнына он есе көп ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан уайымдауға ешқандай негіз жоқ. Керісінше бұл нысан бітсе, қаланың бюджетіне қомақты ақша түседі және туристердің көптеп келуін ықпал етеді”, - деді компания басшысы.
Тұрғындарды алаңдатқан мәселеге Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов та жауап берді. Оның айтуынша, ғимараттың құрылысы ешқандай заңға қайшы келмейді.
“Онда кеңселер мен қонақүй болады. Тұрғын үй салынбайды, оған біз жол бермейміз. Дегенмен, біз құрылыс компаниясынан жобаға қатысты жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының мақұлдауын алуды сұрадық. Өйткені, тұрғындарды бұрынғы жайлы жағдайынан айыруға болмайды. Осы мақсатта да біз ғимараттың қабатының санын азайтуға, тығыздығын азайтуға қол жеткіздік. Тұрғындардың пікірі мен біздің талаптарымызды ескере отырып, бұл жоба жүзеге асырылуға лайық деп ойлаймыз", – деді Бейбіт Шаханов.
Айта кетейік, бұл ғимараттың құрылысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында басталады. Компания өкілдері 1,5 жылдың ішінде толық аяқтап, пайдалануға береміз дейді. Ол үшін жергілікті және шетелдік инвесторлар тартылмақ.