Мектеп болсаң, осындай бол!

В.Г. Белинский атындағы орта мектеп соңғы жылдары зор табыстарға қол жеткізіп, білім беру саласында да, тәрбие мен шығармашылықта да, халықаралық серіктестікте де айтарлықтай белестерді бағындыруда, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Гимназия мәртебесі – ұжым еңбегінің жемісі:
Мектебімізге гимназия мәртебесінің берілуі – үлкен жетістік әрі зор жауапкершілік. Бұл мәртебеге қол жеткізу үшін сапалы білім беру, ғылыми жобалар мен олимпиадалардағы үздік нәтижелер, ұстаздардың кәсіби деңгейінің артуы және оқу-тәрбие процесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл – педагогикалық ұжымның бірлігінің, еңбектің және мақсатқа ұмтылудың айқын көрінісі.
“Халықаралық мектеп статусын алуға үміткерміз. Біздің халықаралық сыныпта оқитын балалар мектеп бітіргенде ҚР мемлекеттік үлгідегі аттестатымен қоса орта білім туралы халықаралық үлгідегі дипломды қолдарына алады. Ол біздің балаларға әлемнің кез келген мемлекетінде орналасқан жоғарғы оқу орындарына грантқа түсуге мүмкіндік береді”, - деді мектеп директоры Тұрсын Сайбырова.
«Жасыл мектеп» – экологиялық жауапкершілік мектебі
Eco Network халықаралық ұйымымен әріптестік іске қосылған «Жасыл мектеп» жобасы – оқушылардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Жоба аясында оқушылар экологиялық ойлау мен дағдыларын дамытуға арналған түрлі іс-шараларға қатысуда.
Мектеп қабырғасында экологиялық қолөнер және суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқушылар қонақтарға үй жағдайында сабын жасау, желатиннен, глицериннен және пектиннен биопластик өндіру, сода, тұз және сірке қышқылынан экологиялық жуғыш ұнтақ дайындау тәжірибелерін көрсетті.
Бұл бастама балалардың табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ресурстарды тиімді пайдалануға және планетамыздың болашағына қамқорлықпен қарауына ықпал етуде.
Театр өнері – тәрбие мен шығармашылықтың қайнар көзі:
Мектепте 2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары қатысатын «Сыр сандық» театры жұмыс істеп келеді. Бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, сахна мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларымен бірлескен «Көлеңке театры» ашылды. Театр сахнасында экология тақырыбына, Ұлы Отан соғысы тарихына және мерекелік қойылымдарға арналған туындылар қойылып жүр.
Ал «Кемел оқырман» әдеби клубы оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, көркем әдебиетті талдау, пікір алмасу, мәнерлеп оқу байқаулары мен авторлармен кездесулер ұйымдастыру арқылы жас ұрпақтың зияткерлік дамуына жол ашып отыр.
Цифрлық білім мен жаңа жобалар:
2024–2025 оқу жылында «CodiPlay» экожүйесі іске қосылып, мектебіміз Алматы облысы бойынша HUB мәртебесін иеленді. Жоба оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге және бағдарламалау негіздерін үйренуге бағытталған. Оқушылар республикалық жарыста III орын алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек, әр апта сайын 11 пән бірлестігі бірігіп жүргізетін «Meta Skills» жобасы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, сыни ойлау мен әмбебап дағдыларын дамытуға жол ашып отыр.
Халықаралық әріптестік:
Мектебіміз Қазақстанда 10 жылдық тарихы бар Feydey мектебімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Соның нәтижесінде халықаралық сыныптар ашылып, оқушылар мемлекеттік үлгідегі аттестатпен қатар, халықаралық үлгідегі диплом алу мүмкіндігіне ие болды. Сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі және 3-сыныптан бастап қабылданады. Қазіргі таңда мектеп халықаралық аккредитациядан өтуге ұсыныс берді, ал 2025 жылдың соңына дейін халықаралық мектеп мәртебесін алу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, SDU университетімен және Қарасай аудандық ауруханасымен меморандумға қол қойылып, IT және медициналық бағыттағы сыныптарды ашу жұмыстары басталды. Бұл – оқушыларға заманауи білім алуға және кәсіби бағдар таңдауға кең мүмкіндік беретін бастама.
Патриоттық тәрбие және кадеттік корпус:
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында мектепте «Бейбітшілік пен жасампаздық» ескерткіші ашылып, аудандық полиция басқармасымен бірлескен ауданымыздағы тұңғыш кадеттік корпус құрылды.
Жаңа оқу жылынан бастап екі кадеттік сынып жұмысын бастады: 5-сынып – полиция полковнигі Арыстанбек Қисықовтың, 8-сынып – ерлікпен қаза тапқан, «Айбын» орденінің иегері полиция капитаны Виктор Ивановтың есімімен аталды. Қарасай ауданы атынан облыстық «Жас сақшы» байқауына қатысқан біздің кадеттер жүлделі II орынға ие болды.
Жасыл Қазақстанға үлес:
Кәсіптік бағдар беру мақсатында «Мамандықтар қаласы» жобасы іске асырылды. Жоба аясында оқушылар бағбаншы, гүл күтуші, бағдарламалаушы, іс жүргізуші мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп жүр.
Мектеп оқушыларының бірі тұқымнан ясин мен емен ағаштарын өсіруде. Сонымен қатар, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен берілген тұқымдардан 150 шырша өсіріліп, бүгінде олардың биіктігі 20 см-ден асты.
Спорттағы жеңістер:
Мектеп оқушылары спорт саласында да жетістіктерге жетіп келеді. 2025 жылдың 10–20 қыркүйек аралығында Абу-Дабиде өткен IFMA жасөспірімдер арасындағы Муай-тайдан әлем чемпионатына 112 елден 1200 спортшы қатысып, тартысты дода өтті. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте III орынға ие болды.
Мектебіміздің 8 «И» сынып оқушысы Шарупова Лола Тимуровна қола медаль жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістік – оқушының табандылығы мен еңбегінің нәтижесі әрі бүкіл мектеп қауымдастығы үшін үлкен мақтаныш.
В.Г. Белинский атындағы орта мектеп – білім мен тәрбиенің, шығармашылық пен спорттың, ұлттық құндылықтар мен заманауи инновациялардың тоғысқан ордасы. Гимназия мәртебесін алған білім ордасы оқушыларға жан-жақты мүмкіндік беріп, болашақта ел ертеңін ойлайтын, саналы, зияткер, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп отыр.