Saturday, 8 November,2025

Академқалашықтағы құрылысқа қатысты дауға депутаттар да араласа бастады

Uaqyt.info
Фото

Алматыдағы Академқалашық тұрғындары тағы да дау көтерді. Бұл жолы олардың назын тыңдауға Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек арнайы келді. Ашық аспан астында өткен жиынға Сейсмология институтының, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, Сәулет және қала құрылысы басқармасының, сондай-ақ SABA GROUP KZ компаниясының өкілдері және тұрғындар қатысты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Атышулы құрылыс жұмыстары туралы БАҚ өкілдері бұған дейін бірнеше мәрте жазған еді. Өйткені бой көтеретін жаңа ғимараттың тектоникалық жарықтың дәл үстінде салынып жатқаны туралы ақпарат тұрғындардың мазасын қашырған. Көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жиын барысында Сейсмология институтының қызметкерлері жауап берді. Олардың айтуынша, тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ.

“Құрылыс тектоникалық жарықтан әлдеқайда қашықтықта жүріп жатыр. Сондықтан тұрғындарға алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Тектоникалық жарық шамамен 160 метр қашықтықта, яғни жолдың арғы жағында орналасқан. Қала аумағының өзі 9 баллдық сейсмикалық белсенді аймаққа кіреді, бірақ дәл осы учаске қауіп аймағына жатпайды”, - деді Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Айгүл Данабаева.

Айгүл Данабаеваның бұл сөзін Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Бекнар Берікұлы да қуаттап отыр. Оның айтуынша, SABA GROUP ЖШС құрылыс басталмас бұрын барлық талаптарға сай  тексерістен өткен.

“Бұл аумақ Бас жоспарға сәйкес коммерциялық аймақ ретінде бекітілген. Құрылыс жүргізуші компания – жеке меншік иесі SABA GROUP. Барлық жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс нормалары мен сейсмикалық талаптарға сай болуы тиіс”, - деді Бекнар Берікұлы.

Айта кетейік, бұған дейін Uaqyt.info SABA GROUP ЖШС президенті Ілияс Кәрібозовтың тұрғындарға берген жауабын жариялаған болатын. Онда  құрылыс компаниясының басшысы жоспарлағандай 9 қабатты емес, 3-5 қабатты ғимарат салынатынын айтқан еді. Бұл жолы да ол сол сөзін қайталап, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ екенін жеткізді.

Ал жиынға арнайы келген депутат Бақытжан Базарбек тұрғындардың алаңдаушылығы орынды екенін, кез келген мәселе осылай ашық талқылануы керектігін айтты.

“Тұрғындардың алаңдауы орынды. Бірақ сарапшылардың мәліметі мен ресми деректерге сүйенсек, құрылыс тектоникалық жарықтың үстінде емес. Ең бастысы – ақпараттың ашықтығы мен қоғамның сенімін сақтау,” – деді депутат.

Айта кетейік, Академқалашықтағы құрылыс жұмыстары 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында басталады. Компания президенті оны 1,5 жылдың ішінде толық аяқтап, ел игілігіне береміз деп отыр.

Ұсынылатын