Saturday, 4 October,2025

Мүгедек жанға күш көрсеткендер жауапқа тартыла ма?

Уақыт.кз
Фото

Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Алматыдағы Оңтүстік-Шығыс өңірі бойынша филиалы алды әп-сәтте шуға ұласты. Үш ер адам екінші топтағы мүгедек азаматты күштеп алып кетпек болған, деп хабарлайды Uaqyt.info ЗаңМедиаға сілтеме жасап.

Заңгер-кеңесші Мария Басарабтың сенімді өкілі, екінші топтағы мүгедек Д.Қойбағаровты «Қарағанды облысынан келген тергеушілеріміз» деген үш жігіт көшеден күштеп ұстап, психатриялық сараптама жасауға алып келеді. Алайда, бұған қандай негіз себеп болғанын түсіндіруден олар бас тартқан. Ал Мария Басарабтың айтуынша, өзін тергеушімін деп таныстырған белгісіз ер адамдар мыжылған бір жапырақ қағазды ғана көрсетіпті.

«Қойбағаров – екінші топтағы мүгедек. Олар оған «психатриялық сараптама жасау керек» деп ғимаратқа күштеп алып кірмек болды. Ешқандай сот қаулысы, прокурор санкциясы да жоқ. Не үшін? Мұндағы мақсат – Қойбағаровты жарамсыз адам етіп көрсету сияқты. Оған еш негіз жоқ. Тергеушілердің айтуынша, Қойбағаров азаматтық сот процесінде басқа құжаттарды ұсынғаны үшін (416-бап) айыпталған-мыс. Алайда Қойбағаровтың өзі ол сотқа қатыспаған және оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған болатын. Егер жанында біз болмасақ, оны өлтіруден тайынбайды», – дейді заңгер.

 

Тергеушіден Қойбағаровты не үшін ұстағаны туралы сұрағанымызда «ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабы бойынша «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол берілмейді» деп қысқа қайырды.

Ал Мария Басарабтың қорғаушысы Алма Мусина Қойбағаровқа қатысты ешқандай қылмыстық іс тіркелмегенін жеткізді.

"Бұлардың Қойбағаровты мұнда еркінен тыс күштеп әкелуге құқы жоқ. Мұның астарында не жатқанын жақсы білеміз. Қойбағаровтың ізіне неге түсті? Себебі, «АККОН» компаниясы Қойбағаровқа 1,6 млрд тенге ақша қарыз, соны төлемеу үшін жасалып жатқан әрекет деп ойлаймын. Сондықтан да оны «психикалық ауытқуы бар» адам деп танымақшы. Бұл әрекетін Медеу аудандық полиция басқармасы бұған дейін де істегісі келген. Біз дәл осы жайтқа қатысты құқық қорғау органдарына шағым түсіргенбіз", – дейді.

Бұл істің мән-жайы тереңде жатқан сияқты. Бізге тәптіштеп берген адвокат Алма Мусина: «Медеу аудандық полиция басқармасында азамат Ғани Жұматаевтың менің қорғауымдағы заңгер-кеңесші Мария Басарабқа қатысты негізсіз арызы тіркелген. Ол: «Бір азаматтық іс бойынша Басараб менің атымнан жалған құжат көрсеткен» деген. Бірақ арыз түскенмен, сол құжаттың өзін көрсетпеді. 5 айы бойы тергеп, осы жылдың 5 наурызында істі тоқтатқан. Себебі, Мария Басараб тарапынан ешқандай құқық бұзушылық болмаған. Алайда, ол ешқандай құжат көрсетпегенін айтып, дәлелдесе де, ендігі кезекте тек Қойбағаров туралы сұрауға көшкен. «Ол жеке кәсіпкерлікті қашан тіркеді? Қанша келісім-шарты бар? Ол қанша ақша төлейді? Психикалық ауытқуы бар ма, жоқ па?» деген сұрақтар қойған. Демек, Мария Басарабтан клиенті Қойбағаров туралы ақпарат білгісі келген. Бұл тергеушілердің өз құзыретін асыра пайдаланғанын көрсетеді», – деп түсіндірді адвокат.

Бір қызығы, тергеу органдары тіркелген осы қылмыстық іс аясында Басарабтың сенімді өкілі Қойбағаровқа қатысты ешқандай іс қозғалмаса да, ізіне түсуге көшкен. Істі тоқтатқанға дейін оған еркінен тыс психатриялық сараптама жасап, «қандай да бір психикалық ауытқу бар» деп шешім шығармақшы болады.  Бұл тұрғыда  Басарабтың қорғаушысы Алма Мусина: «Неге десеңіз, сот шешімі бойынша «АККОН» компаниясы (Жомарт Жұмағұловтың компаниясы-ред) «Қойбағаров» ЖК-не 1,5 млрд теңге қарыз. Ал АККОН компаниясы ол ақшаны Қойбағаровқа төлемес үшін бүкіл активын Ғани Жұматаев директорлық еткен «BAGGET» ЖШС на өткізіп жіберген.  

 Сот сараптамалары орталығының Алматыдағы Оңтүстік-Шығыс өңірі бойынша филиалы алдына келген учаскелік полицейлер мен қарағандылық тергеушілер Мария Басараб пен оның клиенті Қойбағаровты Медеу аудандық полиция бөліміне алып кетті. Себебі, олар Қойбағаровты не себепті және қандай негізге сүйеніп ұстағанын сол кезде ғана айтатынын мәлімдеді. 

Көп ұзамай даулы мәселеге Қарағанды облысы Полиция департаменті пікір білдірді. Баспасөз қызметінің айтуынша, департаменттің жедел-тергеу тобы іссапарға жіберілген.

«10 қыркүйек күні қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған азамат қылмыстық қудалау органының қаулысына сәйкес Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жеткізілді. Сараптамалық шаралардан соң күдікті келу міндеттемесімен босатылды. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Алайда мекеме ғимаратының алдында полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне үш азамат тарапынан кедергі келтіруге әрекет жасалған. Аталған дерек бойынша «Полиция қызметіне кедергі келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Полиция департаменті  Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында құқық қорғау органдарының қызметіне кедергі келтіргені үшін қатаң жауапкершілік көзделетінін еске салады», - делінген Қарағанды облысы Полиция департаменті ақпаратында.

Ал Қойбағаровтың адвокаты бұл мәліметпен келіспейді. Керісінше, Алматылық полицейлер өз әріптестерін қорғау мақсатында істі барынша адвокаттардан шеттетіп бағуда дейді.         

« Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласына іссапармен келіп, Қойбағаровты оның еркінен тыс сараптама тағайындауға алып келген болатын. Осы жерде атап өтетін жәйт, Қойбағаровқа қатысты мәжбүрлі сараптама өткізуге тыйым салу туралы сот шешімі бар. Осыған орай полиция қызметкерлерінің әрекеттері заңсыз болып табылады. Ендігі кезекте 10 қыркүйектегі жағдай бойынша айтарым, сол күні Қойбағаров пен оның өкілдері оқиға орнына полиция қызметкерлерін өздері шақырған болатын. Алайда, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері керісінше оларды шақырған Қойбағаровқа қатысты қысым корсетіп, Медеу АПБ-нда 12 сағат ішінде ұстап, адвокаттарының қатысуынсыз жауап беруге мәжбүрлеген. Бұл дерек бойынша біз IIM-іне арызданған болатынбыз. Осы орайда, полиция қызметкерлерінің істің мән-жайын объективті түрде анықтаудың орнына өз әріптестерін қорғаумен айналысып жатқандығы айдан анық. Себебі қазіргі таңға дейін Қойбағаровтың жазған арызы қараусыз қалдырылуда. Оған келтірілген дене жарақаттарын анықтау үшін сараптама да тағайындалған жоқ. Оның орнына, Қойбағаровтың өкілдеріне қысым көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің тарапынан Қойбағаровты өз адвокаттарынан шеттетуде», - дейді адвокат Нұрбол Сәбитұлы.

Ұсынылатын