Алматыда “Адем” сауда үйінің саудагерлері шу көтерді
Фото
Алматыдағы “Адем” сауда үйінің саудагерлері бас көтерді. Бір топ кәсіпкер кәсіптеріне қауіп төнгенін айтып, қала әкімінен көмек сұрап отыр. Айтуларынша, «Алматы паркинг» ЖШС ғимараттың беткі қабатындағы баспалдақтарды бұзып, орнына көлік тұрағын салмақшы екен, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Саудагерлер “Адем” сауда үйінің алдындағы автотұрақтың аумағы өте кең екенін, не себепті «Алматы паркинг» ЖШС «Адем» сауда үйіне тиесілі жер теліміне көз тігіп отырғанына аң-таң. Кәсіпкер Аида Хамитованың айтуынша, құрылыс жұмыстары басталса, саудагерлер нәпақасынан қағылмақ.

“Не істерімізді білмейміз. Кәсібіміз енді аяққа тұрып келе жатқанда аяқтан шалып жатыр. Базардың алдындағы автотұрақ өте кең. «Алматы паркинг» кәсіпкерлердің, бізге келетін клиенттердің арқасында ақша тауып отыр. Оларға сол да жетпей отыр ма? Әкімнен дұрыс және оң шешім шығаруын сұраймыз”, - деді кәсіпкер.

Әділдік іздеген кәсіпкерлер кіреберістегі баспалдақтар 2002 жылы ғимаратпен бірге салынғанын алға тартады. Бірақ оған атышулы паркинг өкілдері көнбей отырған көрінеді. Тіпті бұған дейін бірнеше рет талқыланып, өзара бейбіт келісімге де келген. Бірақ кейіннен шу қайта басталыпты.
“Жетісіп жүрген ешкім жоқ. Осында тұрған кәсіпкерлердің барлығының дерлік мойнында несие, қарыз бар. Сондықтан бұл мәселеге дұрыс нүкте қойылуын талап етеміз”, - дейді ашынған кәсіпкерлер.
Журналистерге сұхбат берген саудагерлер қала әкімі Дархан Сатыбалдының атына ашық хат та жолдапты. Әзірге қала басшысының бұл мәселеге қатысты қандай шешім шығарары әзірге белгісіз.


