Депутат: Интернет жоқта, қайдағы ЖИ?

Мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев шекаралық аймақтардағы интернет сапасын сынға алды. Ол Цифрлық даму министріне шүйлікті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Интернет құрылымы құрдымға кеткен өңірлерде жасанды интеллектіні қалай дамытпақсыздар? Цифрлық теңсіздік сақталып тұрғанда, цифрлық серпіліс туралы айту қиын", – деді.
Депутаттың айтуынша, ауылдар мен шекара бойындағы елді мекендер сапалы интернеттен шет қалып отыр. Бұл жағдай өңірлер мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты тереңдетіп, мемлекеттік бағдарламалардың әділ жүзеге асуына кедергі келтіруде.
Темір Қырықбаев ең алдымен шекаралық аймақтарды кеңжолақты интернетпен қамту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, тек осыдан кейін ғана жасанды интеллект пен басқа да жаңа технологияларды енгізу мүмкін болады.