Алматылықтарды алдап кеткен құрылыс компаниясы жауапқа тартыла ма?

Алматының элиталы ауданынан үй аламыз деп басы дауға қалған түрғындар әділдік іздейді. “Nef Uptown” тұрғын үй кешенінен қыруар ақшаға сатып алған пәтерлерін заңдастыра алмай жүргендер билік өкілдерінен мәселені оң шешіп беруін талап етіп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.Info.
Алып мегаполистің қақ ортасынан баспана алдым деп қуанғандардың қуанышы қазіргі таңда су сепкендей басылған. Өйткені қыруар ақшаға сатып алған үйлерінің құжаттары әлі күнге дейін қолдарына тимеген. Қоныс тойын тойлаудың орнына арызданып, сабылып жүргендердің бірі – Синан Өзтүрік.
Оның айтуынша, 2024 жылы баспанасын Қадырбаев деген азаматтан 40 миллион теңгеге сатып алып, 25 миллионға жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Алайда арада бір жыл өткеннен кейін пәтердің үшінші тұлғаға сатылғаны туралы естиді. Бір қызығы оның баспанасы – RAMS Kazakhstan директоры Рамазан Доганның туысы Бюльбюль Доганға қайта сатылған.
Осылайша екі ортада қалған жәбірленуші құрылыс компаниясына әділдік іздеп барады. Әу баста мәселені оң шешіп береміз деген олар кейіннен сөздерінен тайқып шыға келген. Алданған тұрғын аты әйгілі құрылыс компаниясы бұлай алдап кетеді деп ойламадым дейді.
“Біз жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясы бәрінен хабардар болды. Сондай-ақ үш жақты келісімшарт та жасалды. Біз құжаттарды көрсеткен кезде барлығы дұрыс болған. Жақын арада техпаспорт беріледі деп айтқан. Бірақ ол құжат бүгінгі күнге дейін берілмеді”, - деді қала тұрғыны.
Алдандым деп дабыл қаққан тек Синан Өзтүрік ғана емес. Ақшасын толық құйып, баспана сатып алған Темірлан Марлан да құжаттарына әлі күнге қол жеткізе алмай келеді.
"Мен бұл үйді 2023 жылдың қараша айында 80 миллион теңгеге сатып алдым. Құрылыс компаниясының алдында ешқандай қарызым жоқ. Бұрынғы қожайынның да ешқандай қарызы жоқ. Бұл құжатта үш жақтың да қолдары бар. Брақ соған қарамастан RAMS Qazaqstan компанясы маған құжаттарды бермей отыр. ”, - дейді ашынған тұрғын.
Алданған азаматтардың құқығын қорғап жүрген заңгер Салтанат Қорғасбекованың айтуынша, пәтерлерді адал жолмен сатып алған азаматтар алаяқтықтың құрбанына айналып отыр. Ал осы іске тікелей қатысы бар ірі құрылыс компаниясы – «RAMS Kazakhstan» ЖШС жеме-жемге келгенде жауапкершіліктен басын алып қашуда дейді.
“Құрылыс барысында «Nef&Ram» ЖШС азаматтармен алдын ала сатып алу-сату келісімшарттарын жасап, тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін негізгі шарт ресімделетініне уәде берген. Компания өзін «RAMS Kazakhstan»-мен серіктес ретінде таныстырып, бұл туралы халықпен кездесулерде, сату бөлімінде және жарнамалық материалдарда ашық жариялаған. Ал қазіргі уақытта Nef&Ram және RAMS Kazakhstan бір-бірімен ешқандай қатысы жоқ екенін айтып жатыр. Бұл мүмкін емес”, - дейді заңгер.
Қазіргі таңда тұрғындар ұжымдық арыз түсірген. Ал RAMS Kazakhstan ЖШС даулы мәселеге компания қызметкерлерінің бірінің қатысы бар екеніне сенімді. Тіпті олар ол адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтуда. Алматы ПД ресми өкілі Салатанат Әзірбек күдіктінің қамауда екенін растады.
“Қазіргі таңда Алматы қалалық ПД тергеу басқармасында Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде”, - деді Салтанат Әзірбек.
Осы жерде заңды сұрақ туады. Әу баста тонның ішкі бауындай бірге жұмыс істеген, жарнамасы жер жарған Nef&Ram мен RAMS Kazakhstan бір-бірін жеме-жемге келгенде неліктен танымай қалды? Тұрғындар қыруар ақшаға сатып алған баспаналарының құжатына қол жеткізе алады ма? Бұл сұрақтардың басы әлі күнге ашық қалуда.
Айта кетейік, Uaqyt.info Nef&Ram компаниясының басшылығына хабарласқан болатын. Өкінішке қарай, ол жақтан әзірге кері байланыс болмады.