Sunday, 8 December,2024

Академик Төрегелді Шарманов өмірден өтті

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Бұрынғы Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов өмірден өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Төрегелді Шарманұлы Шарманов 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. Медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі.

1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі.

1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті.

1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизімін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.

Оның жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидатттық диссертациялар қорғалды. «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.

Ұсынылатын