Thursday, 19 September,2024

Назарбаев кітапханасынан да айырылды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Елордадағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына берілген кітапхана енді орталық ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл турады Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы мәлімдеді. Дерекке сүйенсек, орталық әлемдік тәжірибеге сай жұмыс істемек. Яғни мұрағат, кітапхана және мұражай функциясын біріктіре отырып, ел басқарған басшылардың қызметіне қатысты құнды деректерді, кітап, киім артефактілерін сақтайды.

"Мемлекеттің алғашқы тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау — әлемдік тәжірибе. Аталған дәстүр президент орталықтары мен кітапханалардың қызметінде көрініс тапты. Тарихи-мемориалды мекемелер АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Малайзия, Әзербайжан және әлемнің басқа елдерінде бар. Жалпы әлемдік дәстүрге сүйене отырып елімізде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының базасында Тәуелсіз Қазақстан көшбасшыларының тарихи мұрасын сақтаумен, зерделеумен және ілгерілетумен айналысуға арналған Президенттік орталық құрылды. Онда Қазақстан президенттігі институтына қатысы бар жәдігерлер орталықтандырылған түрде сақталады. Жаңадан құрылған орталыққа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары, сондай-ақ бұрын тұңғыш Президент кітапханасында сақталған мұражай экспонаттарының жинағы берілді. Бүгінгі таңда қорда 150 мыңнан астам мұрағат құжаттары, 40 мың кітап және 12 мың мұражай заттары бар", — делінген ақпаратта.

Ресми ақпаратта айтылғандай, болашақта жаңа орталыққа тарихи-мәдени құндылығы бар жеке құжаттар мен қазіргі Президенттің керек-жарақтары да беріледі. Алдағы уақытта Қазақстанның келесі президенттерінің қызметі туралы тиісті материалдар жинақталады. Сондай-ақ, Қазақстанның қазіргі саяси тарихына арналған ірі тарихи-мемориалды, ғылыми және мәдени-ағарту орталығына айналуды мақсат етуде.

Ұсынылатын