Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин сөз сөйледі. Сондай-ақ қабылданған және жоспарланған шаралар туралы бірқатар уәкілетті мемлекеттік орган басшылары есеп берді.
Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін негізгі басымдық ретінде атап өтті.
Азық-түлік тауарларын өндіру мен сатудың барлық сатысында баға белгілеудің ашық болуы, өнімсіз делдалдармен күрес жүргізудің маңызды екеніне назар аударылды.
Демографиялық үрдістерді ескере отырып, азық-түліктің физикалық тұрғыда қолжетімділігінің перспективалары еңбек өнімділігінің өсуіне, ауыл шаруашылығы мен отандық аграрлық ғылымның жаңғыруына тікелей байланысты екені атап өтілді.
Жерді тозудан қорғау шараларын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту процесін жүйелі түрде ұйымдастыру және жергілікті жағдайға бейімделген меншікті тұқым қорын құру үшін жаңа тәсілдер қажет.