“Нұрсұлтан Назарбаев” пен кәсіпкердің арасындағы тартыс: Сотта кім жеңеді?

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына шетелдік басшы келгелі, қазақстандық кәсіпкерлерден маза кеткен. Соның бірі –Айнұр Рахимова. Елдегі әуежайларды ақша айырбастау пунктерімен қамтамасыз етіп отырған ол айдың-күннің аманында далада қалдым деп отыр. Оның айтуынша, «Terminals Holding» (БАӘ) компаниясы еш ескертпестен бір-ақ күнде жылы орнынан қуып шыққан. Айта кетейік, биыл "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы болып Юсуф Рашед Мохаммед Альджавдер тағайындалған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Әділдік іздеген кәсіпкер бүгін Алматыда журналистердің басын қосып, Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының заңсыз әрекетін әшкереледі. Оның айтуынша, жаңадан келген басшылық “бәскелестік болуы керек” деген желеумен кәсіпкердің келісімшартын созбай, орнын босатуды талап еткен.
“2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ақша айырбастау пунктін аштық. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Біз ашылғанда, пандемия болды, бизнесіміз дұрыс жүрген жоқ. Енді оңаламыз ба деп отырғанда, мынандай жағдай болып отыр. Араб елінен келген инвесторлар “бәскелестік болуы керек” деген желеумен бізге келісімшартты созбай отыр. Керісінше, біздің орнымызға басқа адамдарды әкелді. “Жалға алу құны немесе кірістер пайызын көтерем” десе де біз жоқ деген жоқпыз. Алайда соған қарамастан белден басып, бізді шеттетіп тастады”, - дейді Айнұр Рахимова.
Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашып, кәсібін бастаған. Содан бері ол елдегі әуежайларға қызмет етіп келеді. 29 жыл бизнесте жүрген келіншек көресіні арабтардан көрдім деп отыр. Өйткені бұған дейін ол мұндай жағдай басымнан өтпеді дейді.
“4 жыл бойы біз қанша ақша құйдық, қаншама жұмыстар атқардық. Әуежай көлемі - 7,5 мың шаршы метр. Ал мен отырған жер 8-ақ шаршы метр. Соны маған бермей отыр. Бәсеке керек болса, ана даңғарадай жер жетпей отыр ма? Неге менің орныма таласады?! Менің ойымша, олар yes_exchange-ді әуежайдан қуып шығып, көзін құртуы керек. Ал оның артында қандай келісім және кімдердің тұрғаны маған әзірге беймәлім. Барлық талаптарға сай бола тұра, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Ендігі үміт - сотта”, - дейді кәсіпкер.
Осындай заңсыздықтардан кейін Айнұр Рахимова Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын сотқа берген. Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, істі Астана қаласының экономикалық соты қарап жатыр. Бүгінгі күнге дейін екі сот отырысы өткен. 5-ші тамызда даулы мәселеге нүкте қойылмақ. Адвокат соттың әділ шешім шығаратына сенімді.
“ҚР Азаматтық кодексінде 557 деген бап бар. Сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен қорғалады делінген. Яғни, өз міндетін лайықты түрде атқарған жалға алушы шарт мерзімі біткеннен кейін басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау кезінде артықшылық құқығы бар. Алайда осыған қарамастан әуежай нысанды өзге біреулерге жалға беріп отыр. Бұл қай жағынан алсаңыз да дұрыс емес. Өйткені заң біз жағында. Сот әділ шешім шығарды деп үміттенеміз”, - деді Алма Мусина.
Адвокат егер сот "Сервис-АСТ" компаниясының пайдасына шешпесе, аппеляцияға, қажет болған жағдайда Жоғарғы сотқа арызданатындарын айтып отыр.
Үстемдік құрған әділдік: Тоқаевтың сот жүйесін реформалау заңы жемісін беріп келеді

Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауында сот жүйесіндегі кемшін тұстарды ашық айтып, реформалау қажеттігін, өзгерістер енгізу керегін алға тартты. Тіпті осы бағытта 2023 жылдың наурыз айында "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойылды. Жылдан аса кезең ішінде нәтиже жаман емес, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі жай-жапсарды жиі көтеріп келеді. 2020 жылы кеңес өткізіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін талқылады. Онда Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерлер құқын қорғауды баса айтқан болатын.
"Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты "кедергілер арқылы жүгіру" дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін, шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдаған жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша 2021 жылы "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Сондай-ақ, Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына да қол қойды. Сот жүйесін реформалау ісі мұнымен тоқтамады. 2023 жылдың наурыз айында дәл осы заңға тағы өзгерістер енгізу туралы қол қойылған еді.
Бұл құжат бүгінде кәсіпкерлер арасында жемісін бере бастады. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында кәсібін дөңгелеткен Айнұр Рахимова есімді келіншектің ісі оң шешімін тапты. Кәсіпкер 1995 жылдан бері елдегі әуежай ғимаратында ақша айырбастау пунктін жүргізіп келеді. 2020 жылы елордадағы Халықаралық әуежайдан yes_exchange-ті ашқан. 4 жыл тұрақты, әрі еш кемшіліксіз жұмыс істеген пункті БАӘ келген жаңа басшы қуып шықпақ болады. "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы болып Юсуф Рашед Мохаммед келіншектің орнына басқа кәсіпкерді орналастырмақшы болған. Бірақ Айнұр Рахимова бұл заңсыздыққа қарсы шығып, істі сотқа береді. Бұл туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Нәтижесінде іске араша болған адвокат Алма Мусина сотта жеңіске жеткенін айтты.
"Астана қаласы соты қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша компания мен әуежай арасындағы жалға беру туралы келісім шарт талап беруші компанияға ауыстырылатын болады от шешімі күшіне енгеннен кейін. Сот әділ шешім қабылдады деп есептеймін. Заңды, әділ шешіммен қанағаттанып отырмыз", - деді Алма Мусина.
Адвокаттың айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінде 557 деген бап бар. Сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен қорғалады делінген. Яғни, өз міндетін лайықты түрде атқарған жалға алушы шарт мерзімі біткеннен кейін басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау кезінде артықшылық құқығы бар. Осы заң аясында кәсіпкер талабы толықтай қанағаттандырылып отыр.
Сағызша созылған сот: Астанада «Нұрсұлтан Назарбаев» пен кәсіпкер арасындағы тартысқа нүкте қойылар емес

Бас қала Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының ішкі тынысы тұрақты емес. Онда кәсібін дөңгелеткен Айнұр Рахимованың кәсібі бірнеше ай болды тұралап тұр. Кәсіпкер келіншек осыдан 4 жыл бұрын мұнда ақша айырбастау нүктесін ашып, оннан аса адамды жұмыспен қамтыған еді.
Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашып, кәсібін бастаған. Содан бері ол елдегі әуежайларға қызмет етіп келеді. Ал 2020 жылы елордадағы Халықаралық әуежайдан yes_exchange атты нүктесін іске қосады. Әрі 4 жыл тұрақты, еш кемшіліксіз жұмыс істейді.
Әуежайдағы шағын ғана нүктеге басқа кәсіпкердің көзі түсті ме, әйтеуір жыл басталысымен келіншекті орнынан қуу әрекеттері басталады. Дәл осы жағдайға байланысты тартысты біз бұған дейін жазған едік. Осылайша іс сотқа дейін жетіп, нәтижесінде кәсіпкер құқы қорғалады. Бұл заңсыздыққа қарсы шығып, араша түскен адвокат Алма Мусина ҚР Азаматтық кодексінің 557 бабын алға тартып, сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен толық қорғалатынын ескеріп, жеңіске жеткенін хабарлаған. Астана қаласы экономикалық соты істі кәсіпкер ырқына қанағаттандырғанын да толық жазған болатынбыз. Десе де «Әділетті Қазақстан» ұраны әлі де орындалмай отырған көрінеді. Сот шешіміне келіспеген әуежай басшылығы кәсіпкерге қарсы әлек салып, аппелияцияда жалғастыруды жөн көрген.
«2020 жылы «Сервис – АСТ» ЖШС-і әуежайдан 8,1 кв.м. алаңды жалға алып, ақша айырбастау пунктін ашқан болатын. 2022-ші жылы дәл сол жерден екінші алаңды сондай көлемде жалға алып екінші кассасын жүргізіп бастайды. Осылайша халықаралық әуежайда 2 ақша айырбастау пунктінің кассалары болған. Биыл наурыз айында кәсіпкер ісіне кедергі жасала басталды. Маусым айында басталған сот процесі тамыздың 16-сы күні менің қорғауымдағы тараптың жеңісімен аяқталған еді. Мұнда басты атап өтетінім, сот сол №2 касса бойынша болып жатыр. Ал №1 кассаны, яғни, 2020-шы жылы жалға алынған нүктені әуежай басшылығы жеке мүддемізге керек деп жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты кері қайтарып алған. Енді біз аппеляциялық сатыдағы сот шешімін күтудеміз. Соған байланысты кәсіпкер ісі тоқтап тұр. Салдарынан 11 адам жұмыссыз қалып отыр», - дейді адвокат Алма Мусина.
Кәсіпкер қорғаушысы сонымен қатар, бұл былықтың басында тек әуежайдың жаңа басшылығы ғана емес, әлгі орынға таласқа түскен «BAYLIQ FINANCE» ЖШС де барын алға тартуда. Тіпті еш жалға алу тәртібін бұзбаған «Сервис АСТ» компаниясына жала жапқандай басқа БАҚ беттерінде сұхбат бергенін де көріп отырғанын айтып берді.
«Қазіргі кезде басқа БАҚ беттеріне «BAYLIQ FINANCE» ЖШС директоры сұхбат беріпті дегенді көзім шалды. Оқып, ол жерде шындыққа жанаспайтын жайттардың айтылғанына куә болдым. Яғни «Сервис АСТ» компаниясына қатысы жоқ жайттар айтылған. Әрі монополист деп кінә артқандай болыпты. Кофе-шәйі өте қымбат деп келтірген. Бірақ компания ақша айырбастау нүктесі болған соң ол жерде мұндай заттар сатылмайды ғой. Әуежайда онсызда кофе-шәйдің құны қымбат екенін бәріміз білеміз. Сол мәселе түсініксіз болып отыр. Сот туралы кездейсоқ естідік дегені де шындыққа жанаспайды. Өйткені «Сервис АСТ» ЖШС әуежайда 4 жылдан бері жұмысын жүргізіп келеді. Ол жерде басқа ақша айырбастау пунктері де бар. Демек бәсекелестік жоқ деген сөз шындыққа мүлде келмейді. Оның үстіне заң жүзінде алып қарасақ, жалға алушы еш талапты бұзбаса басқа жалға алушылар арасында оның ісін жалғастыруға мүмкіндігі жоғары. Ендігі соңғы үмітіміз сот алқасында», - дейді адвокат.
Сондай-ақ, шындыққа жанаспайды деген мақалада қымбатшылық мәселесіне «Ақша айырбастау пункттері» қауымдастығының президенті Арчин Галимбаев өз жауабын айтты. Сөзінше кез келген ЖШС немесе банк валюта бағамын қалай өзгертсе де құқылы көрінеді.
«Кез келген ақша айырбастау пунктінің басшысы валюта бағамын өзі бекітеді. Бұл мөлшер нарықтың сұранысына, сату-сатып алу деңгейінің көрсеткішіне қарай өзгере береді. Тіпті бір ЖШС-ға қарайтын бірнеше ақша айырбастау нүктелеріндегі бағам әртүрлі бола алады. Сату және сатып алу арасындағы айырмашылық Ұлттық банкпен қадағаланбайды. Яғни техникалық тұрғыда ойға сыйған бағамды қою мүмкіндігі толықтай қарастырылған. Мысалға доллар курсын 450 теңгеден сатып алып оны 500 теңгеге сатуға толық құқы бар. Маржа бойынша еш шектеу жоқ. Қазақстанда ақша айырбастау нүктелерінің жұмыс режимі таңғы сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін. Осы уақыт аралығында екінші деңгейлі банктер болсын, жеке кәсіпкерлер болсын нарық сұранысына қарай валюта бағамын қоя алады», - деді Арчин Галимбаев.
Не де болса соғызша созылған іске қашан нүкте қойылары белгісіз күйінде қалып отыр. 4 жылдан бері талапқа сай кәсібін жүргізген келіншектің ендігі үміті сот алқасының нақты шешіміне қарап тұр.
“Нұрсұлтан Назарбаев” пен кәсіпкер арасындағы сотқа нүкте қойылды

Бірнеше айға созылған даулы іске бүгін Астана қаласының аппеляциялық сот алқасы нүкте қойды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайымен соттасқан кәсіпкер Айнұр Рахимова жеңіске жетті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын белгілі кәсіпкер Айнұр Рахимова өзіне заңсыз жала жабылғанын айтып, дөңгелетіп отырған кәсібінен айырылып қалдым деп дабыл қаққан болатын. Елдегі әуежайларды ақша айырбастау пунктерімен қамтамасыз етіп отырған келіншекті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басшылығы келісімшартқа қарамастан қуып шыққан. Содан Айнұр Рахимова заңсыз әрекет еткендерді сотқа береді. Бұл туралы біз бұған дейін бірнеше мәрте жазғанбыз.
Бүгінгі өткен сот отырысында аппеляциялық сот даулы мәселеге нүкте қойды. Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, сот бұған дейін кәсіпкерді ақтап шешім шығарған экономикалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырыпты.
“Аппеляциялық сот алқасы «BAYLIQ FINANCE» ЖШС мен «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы Халықаралық әуежайының аппеляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Яғни, Астана қаласының экономикалық сотының шешімі күшінде қалды. Бүгіннен бастап соттың шешімі өз күшіне енгенін айта кетейік. Бұл дегеніміз, «Сервис АСТ» компаниясы өз жұмысын жалғастыра береді және бұрынғы жалға алып отырған жерінде өз қызметін жүргізе алады деген сөз. Соттың шешімі әділ шықты деп есептейміз”, - деді Алма Мусина.
Белгілі кәсіпкер Алматыда тағы бір ақша айырбастау пунктін ашты

Елдегі әуежайларды ақша айырбастау пунктерімен қамтамасыз етіп отырған танымал кәсіпкер Айнұр Рахимова Алматының қақ ортасынан YES_exchange нүктесін ашты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қаладағы Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан ақша айырбастау нүктесінің ашылу салтанатына кәсіпкердің жақындары, әріптестері және журналистер қатысты.
Қызыл лентаны өз қолымен кескен Айнұр Рахимова мұндай пунктер тек Алматыда ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында ашылатынын айтады.
“Біз әдетте тек әуежайларда ғана жұмыс істейтінбіз. YES_exchange ақша айырбастау нүктесін тұңғыш рет қаланың ішінен ашып отырмыз. Айта кетейін, бұл нүкте франшиза арқылы ашылып отыр. Болашақта осы бағытта дамып, елдегі басқа қалаларда, ірі сауда үйлерінде ашсақ деген жоспарымыз бар”, - дейді кәсіпкер.
Айнұр Рахимова соңғы уақытта күрт өскен доллар бағамына қатысты да пікірін білдірді.
“Жұрттың бәрі ақша айырбастау бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерді бәрін біледі деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Доллардың түсуін, көтерілуін біз де қадағалай алмаймыз. Тіпті оны Ұлттық банк-те айта алмайды. Дегенмен Дональд Трамп президент болғаннан кейін, доллардың өсетіні айтпаса да түсінікті болды ғой”, - деді Айнұр Рахимова.
Айта кетейік, елдегі экономистер доллар бағасының күрт көтерілуін көрші Ресей азаматтарының көптеп сатып алуымен байланыстырған болатын. Алайда Айнұр Рахимова жаппай сатылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Біздегі кассалар күнделікті жұмыс істеп тұр. Бірақ Ресей азаматтарының келіп, долларды көптеп алып жатқанын байқап отырғанымыз жоқ. Өзіміздің азаматтар алады және сатады. Көрші елдің азматтары жаппай сатып алып жатыр деген пікірмен келіспеймін”, - деді Айнұр Рахимова.
Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашқан. 29 жыл бизнесте жүрген келіншек алдағы уақытта YES_exchange санын арттыруды көздейді.