- Басты жаңалықтар
- Сот
- Үстемдік құрған әділдік: Тоқаевтың сот жүйесін реформалау заңы жемісін беріп келеді
Үстемдік құрған әділдік: Тоқаевтың сот жүйесін реформалау заңы жемісін беріп келеді
Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауында сот жүйесіндегі кемшін тұстарды ашық айтып, реформалау қажеттігін, өзгерістер енгізу керегін алға тартты. Тіпті осы бағытта 2023 жылдың наурыз айында "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойылды. Жылдан аса кезең ішінде нәтиже жаман емес, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі жай-жапсарды жиі көтеріп келеді. 2020 жылы кеңес өткізіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін талқылады. Онда Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерлер құқын қорғауды баса айтқан болатын.
"Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты "кедергілер арқылы жүгіру" дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін, шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдаған жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша 2021 жылы "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Сондай-ақ, Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына да қол қойды. Сот жүйесін реформалау ісі мұнымен тоқтамады. 2023 жылдың наурыз айында дәл осы заңға тағы өзгерістер енгізу туралы қол қойылған еді.
Бұл құжат бүгінде кәсіпкерлер арасында жемісін бере бастады. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында кәсібін дөңгелеткен Айнұр Рахимова есімді келіншектің ісі оң шешімін тапты. Кәсіпкер 1995 жылдан бері елдегі әуежай ғимаратында ақша айырбастау пунктін жүргізіп келеді. 2020 жылы елордадағы Халықаралық әуежайдан yes_exchange-ті ашқан. 4 жыл тұрақты, әрі еш кемшіліксіз жұмыс істеген пункті БАӘ келген жаңа басшы қуып шықпақ болады. "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы болып Юсуф Рашед Мохаммед келіншектің орнына басқа кәсіпкерді орналастырмақшы болған. Бірақ Айнұр Рахимова бұл заңсыздыққа қарсы шығып, істі сотқа береді. Бұл туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Нәтижесінде іске араша болған адвокат Алма Мусина сотта жеңіске жеткенін айтты.
"Астана қаласы соты қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша компания мен әуежай арасындағы жалға беру туралы келісім шарт талап беруші компанияға ауыстырылатын болады от шешімі күшіне енгеннен кейін. Сот әділ шешім қабылдады деп есептеймін. Заңды, әділ шешіммен қанағаттанып отырмыз", - деді Алма Мусина.
Адвокаттың айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінде 557 деген бап бар. Сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен қорғалады делінген. Яғни, өз міндетін лайықты түрде атқарған жалға алушы шарт мерзімі біткеннен кейін басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау кезінде артықшылық құқығы бар. Осы заң аясында кәсіпкер талабы толықтай қанағаттандырылып отыр.