Monday, 9 December,2024

“Нұрсұлтан Назарбаев” пен кәсіпкердің арасындағы тартыс: Сотта кім жеңеді?

Uaqyt.info
Фото

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына шетелдік басшы келгелі, қазақстандық кәсіпкерлерден маза кеткен. Соның бірі –Айнұр Рахимова. Елдегі әуежайларды ақша айырбастау пунктерімен қамтамасыз етіп отырған ол айдың-күннің аманында далада қалдым деп отыр. Оның айтуынша, «Terminals Holding» (БАӘ) компаниясы еш ескертпестен бір-ақ күнде жылы орнынан қуып шыққан. Айта кетейік, биыл "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ басқарма төрағасы болып Юсуф Рашед Мохаммед Альджавдер тағайындалған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әділдік іздеген кәсіпкер бүгін Алматыда журналистердің басын қосып, Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының заңсыз әрекетін әшкереледі. Оның айтуынша, жаңадан келген басшылық “бәскелестік болуы керек” деген желеумен кәсіпкердің келісімшартын созбай, орнын босатуды талап еткен.

“2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ақша айырбастау пунктін аштық. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Біз ашылғанда, пандемия болды, бизнесіміз дұрыс жүрген жоқ. Енді оңаламыз ба деп отырғанда, мынандай жағдай болып отыр. Араб елінен келген инвесторлар “бәскелестік болуы керек” деген желеумен бізге келісімшартты созбай отыр. Керісінше, біздің орнымызға басқа адамдарды әкелді. “Жалға алу құны немесе кірістер пайызын көтерем” десе де біз жоқ деген жоқпыз. Алайда соған қарамастан белден басып, бізді шеттетіп тастады”, - дейді Айнұр Рахимова.

Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашып, кәсібін бастаған. Содан бері ол елдегі әуежайларға қызмет етіп келеді. 29 жыл бизнесте жүрген келіншек көресіні арабтардан көрдім деп отыр. Өйткені бұған дейін ол мұндай жағдай басымнан өтпеді дейді.

“4 жыл бойы біз қанша ақша құйдық, қаншама жұмыстар атқардық. Әуежай көлемі - 7,5 мың шаршы метр. Ал мен отырған жер 8-ақ шаршы метр. Соны маған бермей отыр. Бәсеке керек болса, ана даңғарадай жер жетпей отыр ма? Неге менің орныма таласады?! Менің ойымша, олар yes_exchange-ді әуежайдан қуып шығып, көзін құртуы керек. Ал оның артында қандай келісім және кімдердің тұрғаны маған әзірге беймәлім. Барлық талаптарға сай бола тұра, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Ендігі үміт - сотта”, - дейді кәсіпкер.

Осындай заңсыздықтардан кейін Айнұр Рахимова Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын сотқа берген. Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, істі Астана қаласының экономикалық соты қарап жатыр. Бүгінгі күнге дейін екі сот отырысы өткен. 5-ші тамызда даулы мәселеге нүкте қойылмақ. Адвокат соттың әділ шешім шығаратына сенімді.

“ҚР Азаматтық кодексінде 557 деген бап бар. Сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен қорғалады делінген. Яғни, өз міндетін лайықты түрде атқарған жалға алушы шарт мерзімі біткеннен кейін басқа тұлғалардың алдында мүліктік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау кезінде артықшылық құқығы бар. Алайда осыған қарамастан әуежай нысанды өзге біреулерге жалға беріп отыр. Бұл қай жағынан алсаңыз да дұрыс емес. Өйткені заң біз жағында. Сот әділ шешім шығарды деп үміттенеміз”, - деді Алма Мусина.

Адвокат егер сот "Сервис-АСТ" компаниясының пайдасына шешпесе, аппеляцияға, қажет болған жағдайда Жоғарғы сотқа арызданатындарын айтып отыр.

Ұсынылатын