Thursday, 14 November,2024

Сағызша созылған сот: Астанада «Нұрсұлтан Назарбаев» пен кәсіпкер арасындағы тартысқа нүкте қойылар емес

Уақыт.кз
Фото

Бас қала Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының ішкі тынысы тұрақты емес. Онда кәсібін дөңгелеткен Айнұр Рахимованың кәсібі бірнеше ай болды тұралап тұр. Кәсіпкер келіншек осыдан 4 жыл бұрын мұнда ақша айырбастау нүктесін ашып, оннан аса адамды жұмыспен қамтыған еді.

Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашып, кәсібін бастаған. Содан бері ол елдегі әуежайларға қызмет етіп келеді. Ал 2020 жылы елордадағы Халықаралық әуежайдан yes_exchange атты нүктесін іске қосады. Әрі 4 жыл тұрақты, еш кемшіліксіз жұмыс істейді.  

Әуежайдағы шағын ғана нүктеге басқа кәсіпкердің көзі түсті ме, әйтеуір жыл басталысымен келіншекті орнынан қуу әрекеттері басталады. Дәл осы жағдайға байланысты тартысты біз бұған дейін жазған едік. Осылайша іс сотқа дейін жетіп, нәтижесінде кәсіпкер құқы қорғалады. Бұл заңсыздыққа қарсы шығып,  араша түскен адвокат Алма Мусина ҚР Азаматтық кодексінің 557 бабын алға тартып, сол бапта жалға алушының шартты жаңа мерзiмге жасасуға құқығы бар және заңмен толық қорғалатынын ескеріп, жеңіске жеткенін хабарлаған. Астана қаласы экономикалық соты істі кәсіпкер ырқына қанағаттандырғанын да толық жазған болатынбыз. Десе де «Әділетті Қазақстан» ұраны әлі де орындалмай отырған көрінеді. Сот шешіміне келіспеген әуежай басшылығы кәсіпкерге қарсы әлек салып, аппелияцияда жалғастыруды жөн көрген.

«2020 жылы «Сервис – АСТ» ЖШС-і әуежайдан 8,1 кв.м. алаңды жалға алып, ақша айырбастау пунктін ашқан болатын. 2022-ші жылы дәл сол жерден екінші алаңды сондай көлемде жалға алып екінші кассасын жүргізіп бастайды. Осылайша халықаралық әуежайда 2 ақша айырбастау пунктінің кассалары болған. Биыл наурыз айында кәсіпкер ісіне кедергі жасала басталды. Маусым айында басталған сот процесі тамыздың 16-сы күні менің қорғауымдағы тараптың жеңісімен аяқталған еді. Мұнда басты атап өтетінім, сот сол №2 касса бойынша болып жатыр. Ал №1 кассаны, яғни, 2020-шы жылы жалға алынған нүктені әуежай басшылығы жеке мүддемізге керек деп жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты кері қайтарып алған. Енді біз аппеляциялық сатыдағы сот шешімін күтудеміз. Соған байланысты кәсіпкер ісі тоқтап тұр. Салдарынан 11 адам жұмыссыз қалып отыр», - дейді адвокат Алма Мусина.

Кәсіпкер қорғаушысы сонымен қатар, бұл былықтың басында тек әуежайдың жаңа басшылығы ғана емес, әлгі орынға таласқа түскен  «BAYLIQ FINANCE» ЖШС де барын алға тартуда. Тіпті еш жалға алу тәртібін бұзбаған «Сервис АСТ» компаниясына жала жапқандай басқа БАҚ беттерінде сұхбат бергенін де көріп отырғанын айтып берді.

«Қазіргі кезде басқа БАҚ беттеріне «BAYLIQ FINANCE» ЖШС директоры сұхбат беріпті дегенді көзім шалды. Оқып, ол жерде шындыққа жанаспайтын жайттардың айтылғанына куә болдым. Яғни «Сервис АСТ» компаниясына қатысы жоқ жайттар айтылған. Әрі монополист деп кінә артқандай болыпты. Кофе-шәйі өте қымбат деп келтірген. Бірақ компания ақша айырбастау нүктесі болған соң ол жерде мұндай заттар сатылмайды ғой. Әуежайда онсызда кофе-шәйдің құны қымбат екенін бәріміз білеміз. Сол мәселе түсініксіз болып отыр. Сот туралы кездейсоқ естідік дегені де шындыққа жанаспайды. Өйткені «Сервис АСТ» ЖШС әуежайда 4 жылдан бері жұмысын жүргізіп келеді. Ол жерде басқа ақша айырбастау пунктері де бар. Демек бәсекелестік жоқ деген сөз шындыққа мүлде келмейді. Оның үстіне заң жүзінде алып қарасақ, жалға алушы еш талапты бұзбаса басқа жалға алушылар арасында оның ісін жалғастыруға мүмкіндігі жоғары. Ендігі соңғы үмітіміз сот алқасында», - дейді адвокат.

Сондай-ақ, шындыққа жанаспайды деген мақалада қымбатшылық мәселесіне «Ақша айырбастау пункттері» қауымдастығының президенті Арчин Галимбаев өз жауабын айтты. Сөзінше кез келген ЖШС немесе банк валюта бағамын қалай өзгертсе де құқылы көрінеді.

«Кез келген ақша айырбастау пунктінің басшысы валюта бағамын өзі бекітеді. Бұл мөлшер нарықтың сұранысына, сату-сатып алу деңгейінің көрсеткішіне қарай өзгере береді. Тіпті бір ЖШС-ға қарайтын бірнеше ақша айырбастау нүктелеріндегі бағам әртүрлі бола алады. Сату және сатып алу арасындағы айырмашылық Ұлттық банкпен қадағаланбайды. Яғни техникалық тұрғыда ойға сыйған бағамды қою мүмкіндігі толықтай қарастырылған. Мысалға доллар курсын 450 теңгеден сатып алып оны 500 теңгеге сатуға толық құқы бар. Маржа бойынша еш шектеу жоқ. Қазақстанда ақша айырбастау нүктелерінің жұмыс режимі таңғы сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін. Осы уақыт аралығында екінші деңгейлі банктер болсын, жеке кәсіпкерлер болсын нарық сұранысына қарай валюта бағамын қоя алады», - деді Арчин Галимбаев.

Не де болса соғызша созылған іске қашан нүкте қойылары белгісіз күйінде қалып отыр.  4 жылдан бері талапқа сай кәсібін жүргізген келіншектің ендігі үміті сот алқасының нақты шешіміне қарап тұр.

Ұсынылатын