Monday, 25 November,2024

10 жастағы баланың өлімінен кейін елдегі барлық футбол алаңдары тексерілетін болды

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елдегі барлық футбол алаңдары тексерілетінін жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

«Біз спортты дамыту бойынша 7 жылға тұжырымдама әзірледік. Қазір министрлік ауқымды инвентаризация жүргізіп жатыр. Елімізде 43 мың спорт нысаны бар – мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы беріп отыр. Қазір пилоттық режимде екі өңірде инвентаризация басталды, жыл соңына дейін еліміздегі барлық футбол нысандарын түгендегіміз келеді. Осыдан кейін біз олардың қандай жағдайда екенін және әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, қандай шаралар қабылдау керектігін көрсете аламыз», - деді Асхат Оралов Үкімет қабырғасында.

Айта кетейік, кеше Астанадағы №10 мектептің аумағында 10 жасар бала көз жұмған болатын. Оның үстіне алаңдағы футбол қақпасы құлаған еді. Алған жарақаттан жеткіншек оқиға орнында тіл тартпай кетті. Жас баланың өлімі қоғамда резонанс туғызды. Мәселен журналист Гүлбану Әниятқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында “билік өкілдері тек өлімнен кейін ғана қозғалады” деп жазба қалдырды.

“Өлімнен кейін ғана қозғалады біздің билік. Оның өзі ұмыт болғанша ғана. Әйтпесе, құлайын деп тұрған қақпа, үзілейін деп тұрған әткеншек, сынайын деп тұрған сырғанақ әр жерде бар.

Әр мектеп басшылығы басшыларға беретін әдемі есепті емес, оқушылардың жағдайын, сол алаңды жасаған компания жеген ақшасын емес балалардың қауіпсіздігін ойласа ғой, басымен жауап берсе дейсің.

Әйтпесе, маусымда Ақтаудағы баланың да басына осындай қақпа құлап көз жұмған. Қарағандыда оқушының аяғын сындырып, Құдай сақтап өзі аман қалған. Архивті ақтарсаң мұндай оқиғалар өте көп. Тек бәріне жалғыз министр кінәлі емес”, - деп жазды журналист.

Ұсынылатын