18 жылға түрмеге қамалған Мәсімовтің шетелдегі активтері іздестіріліп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты ақша жымқыру мен пара алу туралы істі тергеуді жалғастырды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Кәрім Мәсімовтің мүлкі мен ақшалай қаражатына қатысты ҰҚК Қылмыстық кодекстің 218 ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жымқыру)") және 366 ("аса ірі мөлшерде пара алу") баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасын тапты. Тергеу аясында оның шетелдік активтерін іздеп, оларды қайтару шаралары қолға алынды", - делінген inbusiness-тегі ҰҚК жауабында.
Айта кетейік, Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға сотталған еді. ҰҚК-нің бұрынғы басшысынан және оның сенімді адамдарынан тәркіленген үкім бойынша 24 539 662 доллар және 50 мың еуро мемлекет кірісіне жатқызылуы тиіс. Сонымен қатар, Мәсімовке тиесілі 11 қымбат бизнес-класс автокөлігі тәркіленді.