- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- 42 гектар жер кімге керек болды? Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілмек
42 гектар жер кімге керек болды? Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілмек
Алматыда 90 жылдық тарихы бар ипподром сүрілмекші. Тарихи нысанды кімдердің нысанаға алғаны әзірге белгісіз. Атбегілердің айтуынша, 42 гектар жерге көз тіккендер ипподромды сүріп, оның орнына тұрғын үй немесе сауда орталығын салмақ, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл мәселені Uaqyt.info тілшісіне 30 жылдан бері осы ипподромда ат баптайтын Аман Құсайынов жеткізді. Оның айтуынша, тарихи нысанға көз тіккендер алыстан келмеген. Сол жерде ат ұстайтын 4-5 кәсіпкер бірігіп, халықаралық стандартқа сай келмейді деген желеумен ипподромды сүріп тастамақшы.
Тіпті инвестор тауып, қаланың сыртынан жаңа атшабардың жерін де ыңғайластырып қойған. Бірақ оған атбегілер сенбей отыр.
“Мынаны сүріп, бізге жаңа ипподром салып береміз деп жатыр. Әуелі бізге салып берсін! Еуропалық стандартпен салу үшін оған пәленбай миллион доллар ақша керек. Біз олардың айтып отырған ипподромы салынбай қалып, мына атшабарымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқып отырмыз. 90 жылдық тарихы бар тарихи нысанды осылай құртпақшы. Қазір ол жерде 250 ат тұр. Екі жетіде бір рет жарыстар өтіп жатыр. Олардың бұл жерде көксегені – жер. 42 гектар жерге коммерциялық нысан немесе тұрғын үйлер салмақшы. Бұған біз жол бермеуіміз керек”, - деді Аман Құсайынов.
Ипподром төңірегіндегі шу биыл ғана пайда болған мәселе емес. Бұған дейін де сүру туралы әңгімелер жиі айтылған. Аман Құсайыновтың айтуынша, сол кезде белгілі балуан Ислам Байрамуковтың араласуымен ол кейінге шегеріліпті. Сәл ұмыттырып ескі дау қайта басталды дейді ол.
“Сүру туралы әңгіме бұған дейін де талай айтылған. Сол кезде журналист Нұрсейіт Жылқышыбай мен Ислам Байрамуков екеуі араласып, алып қалған болатын. Енді міне тағы сол әңгіме алдымыздан қайта шығып отыр. Кезінде Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектің қаулысымен ипподром жергілікті тарихи және мәдени маңызы бар нысандардың қатарына кірген болатын. Енді сол тарихи нысанды сүрмекші”, - деді атбегі.
Айта кетейік, бұл ипподромның қожайыны шетелдік азамат. Қазіргі таңда Германияда тұрады екен. Атбегілердің айтуынша, ол үшін тарихи нысанның құндылығы ақшаның салмағында ғана. Қаражатына келіссе болды, кез келген уақытта ипподромды сатып жібере алады. Бірақ атбегілер қалай болмасын, ондай әрекетке жол бермейміз деп отыр.