Thursday, 19 September,2024

6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалды Үшқоңыр жайлауындағы салтанатты сарайын Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқан

Алмас Абылай
Фото Азаттық

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үшқоңыр жайлауындағы салтанатты сарайды түрмеде отырған немере інісі Қайрат Сатыбалдыдан сыйға алғаны белгілі болды. Бұл туралы Азаттық-тың зерттеуінде айтылады, деп хабарлайды Uaqy.info.

Үшқоңыр жайлауына жол да, жарық та тартылған. 2014 жылы жеке бөлінген 7 гектардай аумақта зәулім сарайдың құрылысы аяқталды.

2016 жылғы ресми тіркеу кезінде бұл жылжымайтын мүлік Қайрат Сатыбалдының меншігіне жазылды. Содан бері Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі мүліктің иесі болып қала берді. Қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей ол қамауға алынған кезде де тергеу органдары шектеу, тыйым салған.

Биыл сәуірдің ортасында бұрын Сатыбалдының атында тұрған жайлаудағы осы резиденция ағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігіндегі "Елбасы" қорының меншігіне өткені белгілі болды. Бірақ оның қалай жүзеге асқаны жұмбақ.

Сот үкімінде Сатыбалдыұлының бойдақ екені, бірақ кәмелет жасына толмаған 7 баласы бары жазылған. Қылмыстық-атқару кодексі бойынша, "сотталған адамның мүлкі оның отбасы тұратын жалғыз үй болса, тәркіленбейді" деген қосымша бар. Бірақ Сатыбалды отбасының басқа үйі болмағандықтан тәркілеу тізіміне кірмеді деген нұсқаға негіз жоқ. Себебі сайт тілшілері бұған дейінгі зерттеулерде Астанада Қайраттың Исмаил деген ұлының атындағы зәулім үйді, Алматы қаласында үш баласының анасы Әсел Бақтиярқызының иелігіндегі 12,5 гектар жерде орналасқан салтанатты сарай, коттедждерді көрсеткен.

Алматы облысының прокуратурасы Азаттыққа бұрынғы президенттің туыстарынан (прокуратура есімдерін атамады) жиыны 4569 гектар болатын 12 жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын хабарлады. Дегенмен қазір Үшқоңыр сарайы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ал айналасындағы мыңдаған гектар жер оның туыстарының меншігінде. Биыл сәуірде сарайдың меншік құқығы ауысқан уақытта мұндағы жер учаскелерін иелік етіп отырған компаниялардың түпкі құрылтайшысы да ауысқан.

9412 гектар жерді меншіктеп, тағы 1300-дей гектар жерді жалға алып отырған 4 компания – "Steppe AgroMeat" ("Дүние Агро" – бұрынғы атауы), "Qaz Agro Centre" ("Айсам Ко. ЛТД"), "Breeding company" ("Луна Трейд"), "Prime Capital reKarasay-дың" түпкі иесі бұрын Болат Назарбаев еді. Қазір бұл жылжымайтын мүліктерге "Prime Capital Holding" серіктестігі арқылы Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев иелік етіп отыр.

Түпкі бенефициары ауысқанымен, сарайдан тыс жатқан 10 мың гектар жерге антикор, соттың арест, шектеуі тұр. Мемлекетке қайтарыла ма, жоқ па, белгісіз.

Ұсынылатын