Saturday, 23 November,2024

9 жылға сотталған оппозиционерге тағы жаза қосылуы мүмкін: Алексей Навальный сот залына шақырылды

Алмас Абылай
Фото ВВС

Ресей оппозиционері Алексей Навальный қайта сот залына шақырылды. 9 жылға сотталған оған тағы да жаза қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Uaqyt.info.

ВВС дерегіне сүйенсек, оппозиционерге "экстремистік қоғамдастық" құрды деген айып тағылып отыр. Соттың алғашқы отырысында-ақ судья Андрей Суворов жабық режимге ауыстырды. Алғаш БАҚ өкілдері мен туыстарына онлайн бақылауға мүмкіндік берілгенімен, көп ұзамай процес толықтай бәріне жабылды. Алексейдің жанында тек адвокаттары ғана қалған. Сондай-ақ, сот залында оның YouTube-арнасының техникалық директоры Даниэль Холодныйдың да болғанын байқауға болады.

Мәскеу қалалық соты Навальныйдың "экстремистік қоғамдастық" құру туралы ісін мамыр айының соңында алған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің тағы алты бабы бойынша ол айыпталуда. Оппозиционер бұл қылмыстық іс бойынша 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

9 жылға сотталған азаматты биліктің тағы да жазаға тартуына ата-анасы наразы. Тіпті олар "ұят та, намыс та қалмаған" деп кінәлап отыр.

Айта кетейік, Алексей Навальный 2022 жылдың наурыз айында 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол қауіптілігі барынша жоғары қапасқа қамалды.

Ұсынылатын