95 пайызы төлі: БҚО-да 150-ге жуық киік өлексесі табылды
Батыс Қазақстан облысында 150-ге жуық киік өлексесі табылды. Оның 95 пайызы жануардың төлі, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі жазды. Дерекке сүйенсек, киік өлекселері 19 мамыр күні сағат 18-00 шамасында Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Күйгенгүл округінің аумағы Ащыөзек өзенінің жағасынан табылған.
Жәнібек тірек пунктінің тобы 150-ге жуық киік өлексесін анықтады, оның 95% - ы төлі, 5% - ы аналықтары. Жануарлардың ұшалары 300 метр радиуста жатқан. Патологиялық материалдарды, сонымен қатар аумақтағы өсімдік, топырақ және ауа сынамаларын алу үшін оқиға орнына "Бөкейорда" резерватының қызметкері мен Жәнібек ауданының ветстанциясы, санэпидқызметі өкілдері жіберілді, - делінген ақпаратта.
Сынамалар алынғаннан кейін аталмыш өлекселер Жәнібек әкімдігі мен "Охотзоопром "ӨБ"РМҚК қызметкерлерімен жойылады.