Абай облысында орман өрті өршіп барады: Жел екпіні жағдайды қиындатуда
Абай облысындағы орман өрті ауыздықталар емес. Қазіргі уақытта үш учаскеде авиациялық және автомобиль техникасын пайдалана отырып өртті сөндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметіне сүйенсек, өртті сөндіруге жеке құрамнан 600-ден астам адам, 130-дан астам бірлік техника, 1 өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ "Қазавиақұтқарудың" 2 тікұшағы, "Қазавиаорманкүзетінің" 1 тікұшағы және Қорғаныс министрлігінің 1 тікұшағы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда тікұшақтар өрт ошақтарына әуеден 442,5 тонна су төкті.
"Жалпы жану аумағы шамамен 3500 га. құрайды. Секундына 6-10 метр екпінді желдің болуы салдарынан, өртті сөндіру жұмыстары қиындауда. Сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлердің болуы да өрттің өршуіне әсер етуде", - делінген ақпаратта.
Орман өртін сөндіруге сондай-ақ бүгін Астана қаласы ТЖД жеке құрамынан 13 өрт сөндіру техникасы мен 70 адамнан тұратын бірінші эшелон, Қорғаныс министрлігінің бір әуе борты және 103 адамнан тұратын жеке құрамы, 15 техника оқиға орнына келді. Сонымен қатар, Астана қаласы мен Қарағанды облысы ТЖД құрамында 12 бірлік өрт техникасы мен жеке құрамнан 60 адамнан құрылған екінші эшелон келді.
Сонымен қатар, қосымша аэровизуалды тексеруге "Қазавиақұтқарудың" Еурокоптер тікұшағы тартылды.
"Қазгидромет" деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында секундына 15-20 метрге дейін екпіні бар солтүстік-шығыс жел күтіледі.