Адам ағзасын алып-сатумен айналысатын қылмыстық топ ұсталды
Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“12 қазанда Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ-на біздің өңірдің аумағында ақшалай сыйақы үшін ішкі органдарды трансплантациялау үшін донорларды іздеумен айналысатын қылмыстық топ жұмыс істейтіні туралы жедел ақпарат келіп түсті.
Аталған дерек полицияда ҚР ҚК 116-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша тіркелді (адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою).
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде қылмыстық топтың 15 ұйымдастырушысы мен қатысушысы анықталды. 2023 жылғы 13 қазанда жүргізілген ауқымды арнайы операция барысында Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімшелермен бірлесіп, ҚР ІІМ ҰҚҚКД және облыстық прокуратураның үйлестіруімен Қазақстанның бес өңірінде күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша Қонаев қаласының соты санкциялаған тінту жүргізілді.
Тінту шаралары барысында 4 млн.900 мың теңге сомасында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, түрлі медициналық құжаттар, компьютерлік техника тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Істің негізгі қатысушылары УҰИ-на қамаққа алынды”, - деп жазды Бауыржан Әленов.