“Әділдік сұраймыз!” Айыпталушылардың туыстары Президентке үндеу жасады

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ аумағынан металл өнімдерінің ірі партиясын ұрлады деп айыпталған күдіктілердің туыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олар екі жылдан бері қамауда отырған туыстарының жазадан құтылып, соттың әділ шешім шығаратынына үміттенеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бүгін Астанада даулы іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Алдағы күндері сот күдіктілерге қатысты шешім шығаруы тиіс. Алайда айыпталушылардың туыстары, адвокаттары тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмегенін алға тартады. Айтуларынша, осы іс бойынша тартылған куәгерлерге тергеу органдары қызметкерлерінің тарапынан қысым жасалған.
Күйеуі істі болған Айжан Сүлейменова істің дұрыс тергелмегенін айтып дабыл қағып отыр. Келіншектің көмек сұрап арыз-шағым жазбаған жері қалмаған. Амалы таусылған ол жуырда Президенттің атына үндеу жолдады.
“Менің күйеуімді ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп қамап қойды. Бүгін сотта прокурор жолдасыма 16 жыл жаза кесуді сұрады. Ешқандай дәлел жоқ бола тұра, осылай деп отыр. Куәгерлердің көбінен өтірік жауап алынған. Бесінші наурызда қамауда отырғанына екі жыл толады. Тергеушілер дұрыс жұмыстарын жүргізбеді. Бұған дейін жазбаған шағымымыз қалмады. Ешқандай нәтиже жоқ. Үніміз Президентке жетсе екен дейміз”, - дейді күдікті Заңғар Хасеновтың әйелі.
Бұл үндеуге Айжан Сүлейменовадан бөлек жақындары істі болған өзге де азаматтар үн қосқан. Олар туыстарының ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін, күдіктілер бір-бірін тек сотта көргендерін айтады.
“Біздің туыстарымыз ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі емес! Құқық қорғау жүйесі әділ жұмыс істеп отырған жоқ. Тергеу органдарының іс-әрекетін жан-жақты тексеруді талап етеміз. «Бопсалау» бойынша «жәбірленуші» деп танылған 50 адам сотта өз сөздерінен бас тартты. Бірақ соған қарамастан жақындарымыз сотталып кеткелі тұр. Сондықтан істің ақ-қарасы толық зерттелгенін қалаймыз”, - делінген үндеуде.
"АрселорМиттал Теміртау" зауытына қатысты қазір күдіктілерге прокурор ең азы екі, ал ең көбі 16 жыл жаза сұрап отыр. Айта кетейік, 16 жылға сотталу қаупі бар Заңғар Хасенов Айжан Сүлейменованың күйеуі. Оған "ұйымдасқан қылмыстық топ" туралы айып тағылған. Алайда күдіктінің адвокаты Надежда Далабаева бұл іс бойынша қазір ешқандай нақты дәлел жоқ екенін алға тартады.
Келесі сот отырысы алдағы күндері өтеді.