Saturday, 23 November,2024

"Әкем – инженер, анам – мұғалім". Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалай шенеунік болғанын айтты

Алмас Абылай
Фото facebook.com/gabidulla.abdrakhimov

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметтік жолға қалай келгенін жазды. Тіпті ол өзінің қарапайым отбасыдан шыққанына тоқталған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Экс-шенеунік өмір жолына әлеуметтік парақшасында жариялады. Жазбасында өзін қарапайым қазақ отбасында туғанын, әкесі қатардағы инженер, анасы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанына тоқталады. Ал өзі мектепті күміс медальмен аяқтаған.

"Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қарапайым қазақ отбасында туып-өстім. Мектепті бітіргеннен кейін өзім таңдаған Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің экономика факультетіне түстім. Ата-анам НарХоздың Халықаралық қатынастар факультетіне түсуімді қалады. Сонымен оқу басталды. Бұл тоқырау меңдеген 90-шы жылдар болатын. Елде көппен бірге ата-анам да қиыншылықтың ауыртпалығын тартты. Студент бола жүріп, ата-анамнан ақша сұрамау үшін мен кәсіпкерлікпен айналысуды ұйғардым. Менің алғашқы стартапым – голланд гүлдерін, жемістер мен көкөністерді сатуға арналды. Күн сайын таң бозымен таласа сағат таңғы 5-те тұрып, тауар сатып алып, оны сауда нүктелеріне тарататынмын. Сағат 8.00-де университетке оқуға шығам. Сабақтан кейін саудамды жалғастырамын. Кешке сабағымды құнттап болған соң, ертерек жатып, ұйықтауға тырысамын. Күнделікті осындай тәртіп. Сол кезеңдерде мен көп те емес, аз да емес, күніне 100-200 доллар табыс тауып, өзімді, бауырларымды қажетті қаражатпен және баспанамен қамтамасыз еттім", - дейді ол.

Мұнан кейін "Болашақ" Халықаралық стипендиясына тапсыруға ниеттенген. Бірақ 3 курста сынақтан өте алмай, машистратураға жолдама алған. Осылайша Германиядағы менеджмент және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша Неміс мемлекеттік басқарудың жоғары мектебін таңдаған.

"Менің стипендиям айына 1200 дойчемарка болды (курс бойынша шамамен 700 доллар). Оның 400 маркасын жатақхана бөлмесі үшін төледім, 500 маркасы азық – түлікке, 300 маркасы кітаптар мен киімдерге жұмсалды. Германиядағы барлық студенттер сабақтан тыс уақыттарында әртүрлі қосымша жұмыс істеп, табыс табатындықтан, мен де жұмыс істеймін деп шештім. Көп ойланбастан, мен студенттік еңбек биржасына барып, Шпайерден 40 минуттық жерде орналасқан Хайдельберг қаласындағы көлік-логистикалық компаниядан жүк тасымалдаушының бос орнын таптым. Таңғы 8.00- ден 14.00-ге дейін мен мектепте болам, түстен кейін үй тапсырмасын орындаймын және бірнеше сағат ұйықтауым керек болады. Ал, кешке таман велосипедпен теміржол вокзалына барып, электричкамен Хайдельбергке жетемін. Менің ауысымым 22.00-де басталып, 6.00-де аяқталады. Түнгі жұмыс ауыр болғанымен, еңбекақымыз жақсы. Сағатына шамамен 20 марка, сонымен қатар түнгі ауысым үшін екі есе тариф бойынша төлейді. Осылайша мен бір жерде 2 ай жұмыс істеп, өзіме Audi 80 (1989 жылы шыққан) автокөлігін сатып алдым. 1999 жылы Мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алып, алғашқы көлігімді тізгіндеп, Қазақстанға оралдым", - дейді экс-әкім.

Осылайша елге келгеннен кейін алғашқы қызметтік жолы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Мемлекеттік қызметті жетілдіру бөлімінде бас маман ретінде басталған.

Ұсынылатын