- Басты жаңалықтар
- Мәдениет
- “Әкемнің жағдайы нашар”. Белгілі композитор Рамазан Елібаевтың ұлы халықтан көмек сұрады
“Әкемнің жағдайы нашар”. Белгілі композитор Рамазан Елібаевтың ұлы халықтан көмек сұрады
Талай хит әндерді жарыққа алып келген белгілі композитор Рамазан Елібаев қатты сырқаттанып жатыр. Сазгердің ұлы Алмас Елібаев Uaqyt.info тілшісіне хабарласып, әкесінің еміне қаражат керектігін жеткізді. Оның айтуынша, паркинсон ауруына шалдыққан композиторға Түркияда операция жасату үшін 14 миллион теңге қажет екен.
75 жастағы Рамазан Елібаев Өскеменде тұрады. Паркинсонмен ауырғанына 20 жыл болған. Бірақ соңғы 1-2 жылда сырқаты асқынып, жүруден де қалыпты. Ұлы Алмас Елібаев операцияға қажетті соманы сұрап, қақпаған есігім қалмады дейді. Өнердегі әкесінің әріптестерінен бастап, билік басындағыларға дейін хат жазып көмек сұрапты. Бірақ нәтиже жоқ.
“Әкемнің паркинсонмен ауырғанына 20 жылдай болып қалды. Бірақ біз мән бермей жүре бердік. Өйткені анамыз да қатты ауырып, барлық көңіл сол жақта болды. Ол кісі мүгедек болатын. Бір жыл бұрын қайтыс болды. Қазір әкеміздің жағдайы нашар. Дәрігерлер операция жасату керектігін айтып жатыр. Миына электронды чип орнату қажет. Ал ол операцияның құны – 14 миллион теңге. Түркиядағы мамандармен сөйлесіп отырмыз. Сол қаражатты жинау үшін көмек сұрамаған жеріміз жоқ. Президентке, Мәдениет және спорт министрлігіне жаздық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ”, - деді Алмас Елібаев.
Айта кетейік, Рамазан Елібаев ел аузында жүрген талай хит әндердің авторы. Әсіресе, “Тұмарым” әні әлі күнге дейін тойлар мен концерттерде шырқалып жүр. Белгілі сазгер операция жасату үшін пәтерін де сатып жіберген. Десе де қажетті сома әлі жиналмапты.
“Қайрат Нұртасқа, Төреғали Төреәліге, Қыдырәлі ағамызға, Майра Илиясоваға көмек сұрап жаздым. Жауап берген жоқ. Операция уақытылы жасалмаса, әкем өсімдік болып қалады. Психотропты дәрілердің көмегімен ғана отыр. Пәтерді сатып жібердік. Қолымызда 5 миллион теңге қаражат бар. 14 миллионға жеткізе алмай отырмыз. Соған ел болып, халық болып көмек қолын созсаңыздар екен”, - деді сазгердің ұлы.