Saturday, 5 October,2024

Алдаған кім? Өмірзақ Шөкеев сыйға берген пәтерді Сәкен Бибосынов әлі күнге ала алмай жүр

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өзіне сыйға берілген пәтерге әлі күнге қол жеткізе алмай жүр. Естеріңізде болса, Түркістан облысының экс- әкімі Өмірзақ Шөкеев атақты боксшыға Түркістан қаласынан екі бөлмелі пәтерді өзі сыйға берген болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Сәкен Бибосынов «Бірінші бол» бағдарламасына берген сұхбатында айтқан еді. Оның айтуынша, үш жыл бұрын пәтер кілтін ұстатқан Шөкеевтің үйі жалдамалы екен. Ал боксшы сыйға берілген аттың тісін санамайды деп жүре берген.

«Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатынан кейін маған Түркістан қаласынан 2 бөлмелі пәтер берді. Алайда, ол жалдау құқығымен рәсімделді. Ал, ол келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына 3 бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен, облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Бапкерім Мырзағали Айтжанов бұл жағдайдан хабардар. Бірақ ол кісіні бұл жайтқа кірістірімедім. Таяуда спорт қорының басшысы Азамат Қаршығаевқа бұл жағдайды айттым. Олар хат жазып, мәселені шешімін табуға көмектесеміз деп отыр. Ал, қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын», - деді Сәкен Бибосынов.

Осы мәселені айтып, Сәкен Бибосынов әкімдіктің есігін талай қаққан, бірақ шенділерден мардымды жауап ала алмапты.

«Токио олимпиадасында Түркістан облысы бойынша мен жалғыз жүлдегер атанған спортшы болдым. Ал облыс жұрты мені қуана қарсы алып, әкімдіктегілер сол кезде уәдені берді. Көп күттірмей баспана да берді. Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанышымның соңы уайымға ұласты. Себебі, рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес. Бірақ, жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын», - деді Сәкен Бибосынов.

Әзірге қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты Түркістан облысының әкімдігі нақты жауап берген жоқ.

 

 

Ұсынылатын