“Алдандым”. Назарбаевтың тойларын басқарған Өнербаев өкінетінін айтты

Танымал әнші Нұрлан Өнербаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп тойын басқарған. Ол мерекелік кештерді жүргізгеніне қазір өкінетінін айтады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы әнші "Білген дұрыс" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
“Мен ол кісінің кештерінде өнерпаз ретінде болдым. Өнерімді бағалады. Ол кезде мемлекеттік шараларды жүргізу, президенттер қатысатын кештердің бәріне көбіне мен қатысып жүрдім. Мені шақыратын. Тіпті концертпен алыста жүрсем де, тауып алып, шақыртатын. Туған күндерін, мерейтойларын жүргіздім. Бас тартпаймын. Жанында жүрдім. Әрине, менің де көзқарасым бар. Менің де көңілім толмайтын тұстар бар. Отбасына қатысты жұрт айтып жүрген әңгіменің жүз пайызы болмаса да, 80-90 пайызы рас екеніне менің де көзім жетеді. Сол ортада жүргенде, кеш басқарып жүргенде менің көңілім адал болды. Сол кісілердің, сол ортаның ел мүддесі үшін жұмыс істеп жүргеніне сендім. Өйткені, менде басқа мәліметі болған жоқ. Бәрі қазір ашылып жатыр ғой. Сондықтан сол кезде сол ортада алданып жүргеніме өкінемін. Жамандағым келмейді. Соншалықты сендім. Жанында жүрдім. Барлық шараларына қатыстым.Тіпті көп шарасына қатыстым”, - деді Нұрлан Өнербаев.