- Басты жаңалықтар
- Спорт
- "Әлем чемпионы жүлдесімен бірдей". Жетісу облысында қарапайым іріктеу кезінде берілген бас жүлде айналасында шу шықты
"Әлем чемпионы жүлдесімен бірдей". Жетісу облысында қарапайым іріктеу кезінде берілген бас жүлде айналасында шу шықты
Ел өңірлерінде "Қазақстан барысы" турниріне іріктеу жүріп жатыр. Бірақ дәл осы күреске Жетісу облысы 7 миллион теңге жүлде қойған. Бірақ бұл ақша басқарма басшысының інісіне бұйырды. Содан да болар сыйақы сомасына байланысты шу шықты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қарапайым іріктеу турниріне бөлінген ақша мәселесін журналист Аслан Қаженов жазды. Ол өзге өңірлерде "Қазақстан барысына" жолдама беру үшін асып кетсе 500 мың теңге жүлде қойғанын, ал Жетісу облысы 7 миллионды бере салғанына таңқалған.
"Еліміздің барлық аймағында қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" турниріне іріктеу өтті. Әсіресе, Жетісу облысындағы жарыс қатты таңдандырды. Жеңімпаздың қолындағы сертификатты қараңыз. 7 миллион теңге. Ал, жеңімпаз - Руслан Абдразақов. Сол сертификатты облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл табыстады. Ұлан Русланның ағасы. Яғни, ағасы берді, інісі алды. Енді екінші және үшінші орын алғандарға назар салайық. Көрсеткіш бас жүлдемен салыстырғанда, сәйкесінше, 7 және 14 есе аз. Қандай жарыста осындай сыйақы тағайындалады? Аналардікі неге аз демеймін. Русландікі неге тым көп? Міне, мені осы алаңдатады", - деп жазады ол.
Сондай-ақ, дәл осы сома күні кеше Ташкенттен оралған әлем чемпиондары алған ақшамен бірдей екеніне де тоқталған.
"Одан кейін басқа аймақтармен салыстырдым. Жетісу сияқты бірде-біреуі жүлдеге деп оңды-солды шашылмаған. Қарағанды облысында жеңімпаз 500 мың, ал Шығыс Қазақстан облысында 100 мың теңге алды және солай кете береді. Ең үлкен ақша - Жетісуда. Неге? Бұл өңірде қазақ күресінен басқа шаруа жоқ па? Облыстық басқарма ойға келгенін жасай бере ме? Халықтың алдында есеп беріп, жағдайды түсіндіргісі келмей ме? Өйткені, ол айналып келгенде сол халықтың ақшасы ғой. Одан кейін мен сол 7 миллионды күні кеше әлем чемпионатында топ жарған боксшылардың сыйақысымен салыстырдым. Бірдей. Яғни, дүниежүзілік додада алтын алған спортшы мен бапкеріне мемлекет ресми 15 мың АҚШ долларынан табыстайды.15 мың доллар шамамен 7 миллион теңгеге жуық. Оның өзінде жетпейді. Ал, Руслан олардан жоғары сыйақы алып тұр. Қысқасы, мынадай бассыздықты тез арада тоқтату керек. Аймақтағы әкімдік пен олардың басқармалары өзін құдай санап, ойға келгенін жасамасын. Халықтың қызметкері екендерін ұмытпасын. Ал, әлгі сыйақыға қатысты арнайы аудит жасалып, тыңғылықты тексеріс жүргізу керек", - деп қорытындылайды жазбасын.
Бұл мәселеге желідегі жұрт та бей жай қарамайтынын жазуда.