Әлемдегі әрбір алтыншы адам бедеуліктің зардабын тартып отыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бедеулік мәселесі әлемдегі әрбір алтыншы адамға әсер етіп отырғанын мәлімдеді деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ұйымның соңғы жариялаған ақпаратына сүйенсек, әлемде бедеулікке шалдыққан адамдар саны өте көп. Ересек жандардың шамамен 17,5 пайызы осы мәселенің салдарын тартуда. Бұл әлемдегі әрбір алтыншы адам деген сөз.
Әсіресе бедеулік зардабы кедей мемлекеттерде қатты байқалуда. Өйткені халық медициналық көмекке жүгіну үшін жиғанын түгел жұмсауға мәжбүр.
Ал қазіргі заман талабына сай қолданылатын әдістер, бедеуліктің алдын алу, диагностикалау, сонымен қатар экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) сияқты көмекші репродуктивті технологиялардың бағасы өте жоғары. Тіпті көп адам үшін қолжетімді емес десе де болады.
"Тұрмысы жоғары елдердің тұрғындарымен салыстырғанда, кедей мемлекеттердің халқы бедеулікті емдеуге табысының едәуір бөлігін жұмсайды. Мұндай қомақты шығынды көтеру қажеттігі емделуге мүмкіндік бермейді немесе керісінше, медициналық көмекке жүгіну нәтижесінде оларды кедейлікке душар етеді", - делінген ақпаратта.
Кез-келген мемлекетте бедеулікті емдеу үшін халық қаржыны өз қалтасынан шығарады. Бұл айтарлықтай шығын. Дей тұрғанымен табысы жоғары немесе төмен елде аталған мәселе көрсеткіші ұқсас. Яғни бедеулікті емдеу, алдын алу медицинадағы маңызды проблема екенін көрсетуде.