Әлемдегі саяси жағдай шиеленісіп барады – әскери қақтығыстар жиілеп кетті
Дүниежүзі экономикасы, яғни бүкіл әлем жаңа өзгеріске бет бұрды. Оның алғашқы хабаршылары – жаңа технологиялардың қарқынды дамуы, жасанды интелектің пайда болуы, көміртегі энергиясынан бас тарта бастау, екі дүние –авторитарлы елдер мен демократия бағытындағы мемлекеттер – арасындағы келіспеушіліктердің ашық қақтығыстарға ұласа бастағаны.
Көптеген сарапшылар мұның соңы әлемде қайтадан биполярлық, яғни екі саяси-экономикалық орталыққа тәуелді тәртіптің қалыптасуына соқтырады дейді. Әлемдегі мұндай жағдай Қазақстанның болашағына да тікелей әсер ететіні анық. Сондықтан, оң жағымыз бен сол жағымызда, төмен мен жоғарыда не болып жатқаны біз үшін де аса маңызды.
Кеңес Одағы ыдыраған соң орныққан АҚШ-тың гегемониясына қарсы шығып отырған, бір кездері сол АҚШ-тың өзі, басқа да Батыс елдер болып жатып, көтерген Қытай. Рас, Қытай жаңа технологияларды игеру барысында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бірер жыл бұрын Жер орбитасынан планетаның қай түпкірін болсын баллистикалық ракетамен атқылай алатын мүмкіндіктерін де паш еткен.
Жасанды интелект саласында АҚШ-ты өкшелеп келеді. Осы аптаның бас шамасында секундына 1,2 терабит(1200 гегабит) ақпарат бере алатын әлемдегі ең жылдам интернетті іске қосты. Яғни, бір секунд ішінде HD форматындағы 150 фильмді жүктеп алуға болады. Керемет қой! Сөйтіп, АҚШ-тың осы тақылеттес бағдарламаларынан 10 есе асып түсті. Оның үстіне, бүкіл бағдарламалық жабдығы да, басқа керек-жарағы да толығымен Қытайдың өз ішінде өндірілген.
Алайда, Қытай экономикасының бүгінгі хал-ахуалы Бейжіңнің аяғына оралғы. Ел экономикасының 30 пайызын құрайтын құрылыс саласының «құлағаны» экономиканың басқа да бірнеше саласына мультипликативті әсер бергені бар. Бұл жағдай Қытайдың ішкі проблемаларының орасан екенін де көрсетті.
Ішкі қарыздар бірнеше триллион долларды құрайды. Құрылыс компанияларымен бірге миллиондаған қарапайым қытайлық банкротқа ұшырады. Яғни, олардың көңілінде билікке деген сенімсіздік ұялады. Жастар арасындағы жұмыссыздық отыз пайызға жеткен. Демография ақсап тұр. Оған пандемия тұсындағы коммунистік биліктің әсіресілтеуші саясатын қосыңыз.
Әрине, Қытай билігі қарапайым жұртшылықтың көңіл-күйімен онша санаса бермейді, бірақ, Қытаймен бірге қытайлықтар да өзгере түскен. Миллионерлер, орта тап пайда болған, «өз қолы өз ауызына» жеткендердің саны өскен. Олардың барынан айырылғысы жоқ, яғни, орталық биліктің ол мәселені де ескеруіне тура келеді.
Соған қарамастан, Си Цзиньпиньнің билігі әу бастан-ақ өздері мақсұт тұтқан «қытай үстемдігі» бағытын жүргізуден бас тартқан емес. Америка Құрама штаттарынан әрі болмаса да, бері тұрмауымыз керек деп санайды. Бірақ, ондай ойын ресми жариялаған да емес. Әрекеті астыртын.
АҚШ та Қытайды өзінің басты бәсекелесі, болашақта өзіне қарсы тұра алатын бірден бір жауы деп бағалайды. Онысын жасырған да емес. Украинадағы соғыстың да, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың да түпкі бенефициары осы Қытай деп түсінеді. Біздің Шығыстағы бұл алып көршіміздің, Құрама Штаттарға ашық қарсы шығары қауқары әлі де қажет деңгейге жетпей жатқандықтан, осындай гибрид әрекеттерді ушықтырып отыруы әбден мүмкін. Лао Цзының «өзеннің жағасында ұзақ отырсаң, жауыңның өлі денесі қалай ағып өткенін көресің» деген ақылы қытайлардың миында орнығып қалған емес пе? Сунь Цзы болса, «нағыз жеңіс – басқа елдерді дипломатия жолымен бағындыру», ол үшін «қарсыластың құрған одақтарын бүлдіріп, оның стратегиясын күйрету керек» деп санаған. Қытай билігі осындай философияға берік.
Міне, сол қарсылас екі елдің басшылары, бірер күн бұрын ғана, Сан-Франциско (АҚШ) маңындағы шағын қалашықта кездесті. Бүкіл дүниежүзі құлақ түрген, көз тіккен. Джо мен Си бірлесе отырып, қордаланып қалған біршама проблеманы шешіп тастайды деп күткендер де болды. Ол, әрине, жаңсақ үміт. Кездесу қатардағы кездесулердің әдетінше өтті. Кездесу барысында біз естіген мәлімдемелер екі ел арасындағы жағдайға соншалықты әсер ете қоймасы анық. Ешеңе де түбегейлі өзгере салмайды. Американың Қытайға, Қытайдың Америкаға деген көзқарасы бәз қалпында қала береді. Дегенмен де, екі ел арасындағы қарым-қатынаста жылымық пайда болғанын ескере кеткеніміз жөн. Соған қарағанда, Америка мен Қытайдың әскери қақтығысы біршама кейінге ысырыла тұратын сияқты. Си Цзиньпиньнің «Екі ел әріптесе отырып, бір бірінің ішкі ісіне қол сұқпай, қатар дамыуына болады» деген сөзі Қытайдың, әзірге, «жұмсақ» дипломатиядан аспайтынын білдірсе керек. Қытай лидері өзара кикілжің, қақтығыстардың қажеті жоқ деп санайды. Онысына сенуге де болады. Өйткені, Қытай, әлі де болса, Америкаға экономикалық, технологиялық тұрғыда тәуелді. Америкамен ашық тіресу өзіне тиімсіз. Ақ үйдегілер болса, Қытайдың дами түсіп, өзіне теңдескенін қаламайды. Тіпті ол дамуды тежеп отыруға дайын. Өйткені, Қытай күшейсе, авторитарлы әлем күшейе түседі.
АҚШ пен Қытайдың мүдделері Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысында да, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарда да тіресіп жатыр. Қытайдың, мұхиттың арғы жағынан естілген ескертулерге қарамастан, Ресейге көмек беріп отырғаны анық. Укранинадағы соғыс жайлы мәліметтерге көзі қарақты оқырман қауым кеңірек қанық болар. Сондықтан, толығырақ тоқталып жатудың қажеті шамалы. Әрине, біздің елге емін-еркін еніп жатқан Ресей пропагандасы біршама жұртшылықты адастырып отырғаны да бар. Ол жеке тақырып. Ондай пропаганда Хамас терроршы тобының Израильге жасаған шабуылы барысында да кең тарады.
Әсіресе, Израиль атқан ракета ауыруханаға түсіп, «500, тіпті 800 адам мерт болды» деген жалған ақпарат әлем желілерінде лезде тарап кетті. Сөйтті де, әлем жұртшылығын жаңсақ пікірге ұрындырды. Бейбіт еврейлерді балаларымен бірге, сол жерде демалып жүрген шет елдіктерді атып, қырып, жан түршігерлік әрекеттерге барған Хамас содырларын емес, Израильді қаралап шықты. Бір жағынан қарасаң, көптеген антиизраильдік митингілердің қасақана ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Ал, Хамас Израильге аяқ астынан неге бас салды?
Американың танымал The Hill басылымының пікірінше, бұл қақтығыстың негізгі бенефициары Иран. Иран билігі Таяу Шығыстағы жағдайды өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді, дейді The Hill. Сондағы Иранның көздеген стратегиялық және тактикалық мақсаттары мынау:
Біріншіден, аймақ елдері күтіп отырған сауд-израиль арасының жақсаруына және «Авраам келісімдері» деген атпен танымал, арап-израиль бейбіт бастамаларының кеңірек тарауына кедергі жасады. Содан соң, түрік-израиль қарым-қатынасының қайта қалыптасуына нұқсан келтірді. Үшіншіден, АҚШ ұсынып отырған, «Үндістан – Таяу Шығыс – Европа» экономикалық дәлізін доғара тұруға соқтырды (бұл Қытайдың «Бір белбеу – бір жол» стратегиясына балама маршрут болатын – Қ.Ж.). Одан бөлек, Қытайдың алты әскери кемесінің Таяу Шығыс аймағына келуіне себеп болды. Сонымен бірге, әлем елдерінің назарын өзінің ядролық бағдарламасынан бұрып әкетті.
Ал, «Авраам келісімдеріне» 2020 жылы Израиль мен Біріккен Арап Әмірліктері, Бахрейн, Марокко сынды арап елдері қол қойған болатын. Кейінірек, Судан да қосылған. Енді осы келісім аясы кеңейіп, басқа да арап мемлекеттері қосылады деп күтілген. Олай болып жатса, Иранның Таяу Шығыстағы ықпалы жоққа сайып, Қытайдың да бұл аймаққа тұмсығын сұғуы қиынға соғар еді. Өйткені, бұл келісімді АҚШ ұсынып, қолдап отыр.
Ал, президент Байден, біз жоғарыда айтқан Си Цзиньпиньмен болған кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында «бұл қақтығыстар екі мемлекет құру туралы шешім нәтиже берген кезде ғана тоқтайды деп ойлаймын» деп мәлімдеді. Дербес Палестина мемлекетін құру АҚШ-тың ертеректен қолға алған саяси мақсаты. Дегенмен де, әлі күнге бір де бір президенттің қолынан келе қойған жоқ. Ал, Израиль әскері Газа секторын толығымен қоршап, Хамас содырларын жоюға бет алды.
Терроршыл топ түбегейлі жойылмаса да, енді қайтіп бас көтеруі екіталай жағдайға душар болуы әбден мүмкін. Алдағы бір-екі аптада Израиль әскері Хамастың тағдырын бір жақты қылады деген болжам бар. Алайда, Иранның прокси әскері саналатын, Хезболла терроршы тобы, Ливанның оңтүстігіне бекініп алып, Израильдің солтүстігінен қауіп төндіріп тұр.
Әскери сарапшылар олардың қолында бүгінгі күндері 45 мыңға жуық ракета бар дейді. Хезболланың әскері, Хамасқа қарағанда, әлдеқайда қуатты саналады. Хезболаның бірер күн бұрын Израиль территориясын атқылағанына қарамастан, көптеген сарапшылар Иран соғысты бұдан әрі қыздыра қоймас деген де болжам айтады. Джо Байден Сан-Францискодағы кездесу барысында Си Цзиньпиньннің Иранға ықпал етуін де өтінген болатын.
Жалыны басылса да, түтіні бықсып жатқан тағы бір тартысты аймақ – Оңтүстік Кавказ. Каспийдің ар жағында, бізбен жапсарлас жатыр. Әзірбайжан отыз жыл шыдап келіп, күшейген соң, Қарабақты Армениядан қайтарып алса да, соғыс оты қайта тұтанып шыға келуі мүмкін. Өйткені, армяндар кек алуға үмітті. Ол елді қолдап отырған мықты мемлекеттер де бар. Ватикан мен Франция, яғни, Европа елдері, Арменияны ашық қолдауға шықты. Кәзір француздар Ереванды қаруландыруға көшкен. Францияның Армениядағы елшілігінде тұрақты түрде әскери атташе қызметі ашылды.
Иран да Арменияны қолдап отыр. Ал, Әзірбайжанның Ағдам ауданында түрік-ресей мониторинг орталығында қызмет етіп жатқан түрік әскерилерінің бұл елде қалу мерзімі тағы да бір жылға ұзартылды. Олар қызметке 2020 жылы бір жыл мерзімге ғана келген. Президент Ілхам Әлиев болса, Армения Шығыс Зангезур мен Нахычывань арасында жол байланысын орнату туралы уәдесін орындамады деп мәлімдеді.
Дегенмен де, ол мәселе өткен шақта қалды, өйткені, әзірбайжан билігі Зангезур дәлізінің орнына транспорт қатынасын Иран жері арқылы жүргізбекші. Бұл транспорт дәлізі Түркиені (ар жағында Европа) Капий теңізіне шығарып, бергі жақтағы Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстырады.
Яғни, біздің аймақ үшін де маңызы зор. Ал, Әзірбайжан болса, 20 қараша күні Вашингтонда сыртқы істер министрлігі деңгейінде Армениямен кездесуден бас тартты. Есесіне, Израильден 1,2 млрд долларға Barak MX зеңбірек кешенін сатып алды. Бұл қару 35 шақырымнан 150 шақырымға дейін оқ атып, ұшақ, тікұшақ, дрон, ракеталарды қоса алғанда, әуе құрылғыларының бәріне дерлік қарсы тұра алады. Яғни, Кавказдағы соғыс оты сөнді дей алмаймыз. Оның үстіне, Ресей де айырылып қалған ықпалын қайта қалпына келтіруге тырсатыны анық. Бұл әскери қақтығыстардың, аймақтық соғыстардың түбі Үшінші Дүниежүзілік соғысқа соқтырып жатса ше?
Қандай да бір соғыс – экономиканың жалғасы деген сөз бар. Яғни, соғыс елдердің экономикалық мүдделері себебінен шығады. Ресурстар, логистика үшін тартыс-талас. Ал, Қазақстанға деген қызығушылық жаңаша даму кезеңінде де арта түседі. Өйткені, жеріміз сирек металдарға да бай. Уран өндірісінде елдің алдындамыз. Макрон да бекерден бекер келіп кеткен жоқ қой?! Демек, ұрынып қалуымыз ғажап емес. Ал, біз дайынбыз ба?