Әлемнің үздік балуаны қырғыздан шықты
Қырғыз қызы әлемнің ең үздік балуаны атанды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Әйелдер күресінен Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері және әлемнің үш дүркін чемпионы Айсұлу Тыныбекова 2023 жылдың ең үздік балуаны атанды.
Айсұлу Тыныбекова – Біріккен күрес әлемінің (UWW) әйелдер арасындағы 62 келі салмақ дәрежесінде үздік балуандар рейтингін бастап тұр. Бұл нәтижеге жету үшін Айсұлу биыл Азия және әлем чемпионатында топ жарды.
Қырғыз еліне әлемдік додада алтын медаль әкелген спортшы күзде Сербияда өткен дүниежүзілік біріншілікте мансабындағы үшінші алтынына қол жеткізді. Тыныбекова– Орталық Азия елдері арасында күрес түрлерінен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы.
62 келі салмақ дәрежесінің рейтингінде екінші орын алған спортшы – жапон балуаны Сакура Мотоки. Ал үшінші орынды норвегиялық Грейс Жейкоб пен украиналық Ирина Колиаденко иеленіп отыр.
Айта кетейік, Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингіне қазақ қызы да ілінді. Жәмилә Бақбергенова 72 келі салмақ дәрежесінде үшінші орында тұр. Ал еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан 92 келі салмақ дәрежесінің рейтингінде бірінші орында.