Алматы бір сәтте жермен-жексен болуы мүмкін – Мэлс Елеусізов
“Табиғат” экологиялық одағының төрағасы, белгілі эколог Мэлс Елеусізов Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жойқын зілзалаға қала дайын емес, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Кешегі жер сілкінісінен бізді жаратылыс сақтады. Бұдан қатты болатын болса, көп қырғын болар еді. Алматы соған лайықты болып тұр қазір. Салынған үйлердің сапасы жоқ, қалай болса солай салған. Қазір кішкентай бос жер болса, сол жерге үй салып жатыр. Совет үкіметі кезінде ондай болған жоқ. Үш қабаттан артық үй салдырмайтын. Кейіннен бес қабатты үйлерге рұқсат берді. Олардың ара қашықтығы өте кең болатын. Қазір ше? Қазір бірнәрсе болатын болса, халық шыға алмай қалады. Мұндай құрылыстар халықты қыру үшін жасалған”, - деді Мэлс Елеусізов.
Айта кетейік, 23 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде Алматыда дабыл жүйесі іске қосылған жоқ. Ал оны орнатуға 2022 жылы 1.1 млрд теңге жұмсалған. Эколог қыруар қаржының қайда кеткенін жеті тексеру керектігін алға тартты.
“Көп адамдар ұйықтап жатты. Дабыл жүйесі арқылы елді оятса дұрыс болары еді. Оны зерттеу керек. Не үшін соншама қыруар қаражат кетті. Халықпен жұмыс істеу керек, төтенше жағдайларға қатысты заңды өзгерту керек. Олар әбден болғаннан кейін ғана оянып жатады, бізге соның алдын алатын жүйе керек. Қаншама су тасқыны болып жатыр. Бірақ ешқайсына дайын емеспіз”, - дейді эколог.
Мэлс Елеусізов табиғи апаттан сақтанудың жолы бар екенін айтады. Бірақ ол жоба әзірге билік тарапынан қолдау таппай отыр дейді.
“Менің досым жер сілкінісінен қорғайтын арнайы жиһаз секілді модуль ойлап тапты. Арнай темірлерден жасалған. Ішінде су, адамға керекті заттар болады. Жер сілкінген кезде әлгі құрылғы белгі береді. Сол уақытта тез барып соның ішіне кіріп отыру керек. Біздің қазақтар кешке дейін той жасай береді. Несие алып той жасағанша, сол ақшаны осындай құрылғыға жұмсағаны ертең өмірін сақтап қалады ғой. Екінші жағынан бұл жобаға үкімет тарапынан қолдау қажет. Бағасы оның қатты қымбат емес”, - дейді эколог.