Saturday, 23 November,2024

Алматы маңындағы тау баурайында тұтанған өрт ырық берер емес: Бір өрт сөндіруші қазақ тапты, тағы бірі жарақат алған

Алмас Абылай
Фото Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі

Алматыдағы тау баурайында тұтанған өрт бір адамның өмірін қиды. Тағы бір өрт сөндіруші қолынан жарақат алған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті тау баурайындағы өрттен қаза болған өрт сөндіруші жайлы хабарлады. Дерекке сүйенсек, 7 мамыр кешкі 23:52-де Алматы қаласы, Медеу ауданы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы, Кіші Алматы орманшылығының тау баурайында  құрғақ шөптер мен құлаған ағаштартар (қураған ағаштар) жанып тұрғаны анықталған. Дереу Алматы қаласы ТЖД жеке құрамының 59 адамы мен 15 техника сондай-ақ, МҰТП жедел тобы жіберілді.

"8 мамыр күні сағат 01:24-те қызметтік борышын орындау кезінде, тау баурайында өртті сөндіру барысында 1994 жылы туған Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы қаза тапты. Төтенше жағдайлар министрлігі Арслан Жолдасбекұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Ол туралы жақсы естелік, өз ісінің маманы ретінде біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Арслан жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болды. Жұмыста ол еңбекқорлығы, әділдігі және мамандыққа деген сүйіспеншілігі үшін бағаланды. ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді", - делінген қалалық ТЖД ақпаратында.

Сондай-ақ өртке қарсы қызметтің тағы бір қызметкері Алматы қаласы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ Мамандандырылған жасақ бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Оқасов Ерік Алмасбекұлы қолынан жарақат алған. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Өртті сөндіру жердің күрделі рельефімен, қатты желмен, биік құрғақ шөппен, қураған ағаштың көп мөлшерімен (құлаған құрғақ ағаштар) күрделенуде. Отты өшіруге су төгетін құрылғысы бар Ми-171 ҚР ТЖМ  «Қазавиаспас», Ми-8 "Қазавиаспас" АҚ тікұшақтары  жұмылдырылды. Оқиға орнында өртті жоюға "Іле Алатау" МҰТП қызметкерлері - 42 адам және ТЖД - 32 адам л/с 5 техника жұмыс істеуде.

Өрттің алдын ала ауданы 3 Га құрайды. 15-13 жағдай бойынша 13 су төгу жұмыстары  (39 тонна) жүзеге асырылды. Оңтүстік-шығыс жағын оқшаулауға қол жеткізілді.

Ұсынылатын