Алматы облысында 90 млн теңге жымқырған аурухана бухгалтеріне сот үкімі шықты
Алматы облысының Ұйғыр аудандық ауруханасының есепшісі мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың 90 млн теңгесін жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ведомстводан атап өткендей, бұл қаражатты кәсіпкерлер аурухананың банктік шотына шарттардың орындалуына кепілдік түрінде енгізген.
Азаматша Д. аудандық аурухананың есепшісі бола отырып, бұл қаражатты өз шотына аудару арқылы иемденген.
Алматы облысының прокуратурасы тағы 50 млн теңгеге бұзушылықтарды анықтады, олар 25 кәсіпкерге қайтарылуы қажет болған. Прокуратураның қадағалау актісімен ақшаның бір бөлігі бизнес субъектілеріне қайтарылды.
«Заңнамаға сәйкес, мердігерлер тапсырыс берушілердің шоттарына шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын шарт құнынан 3% ақшалай қаражат енгізеді. Бұл ақша мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелер орындалғаннан кейін кәсіпкерге қайтарылады», - деп атап өтті прокуратурадан.