Алматы облысында ата-аналарды қолдайтын орталық ашылды
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында ата-аналарды қолдайтын орталық ашылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Орталық Есік қаласындағы №6 қазақ орта мектеп лицейінде орналасқан. Онда ата-аналарға өзін-өзі тәрбиелеуді ұйымдастыруда көмек көрсету, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық мәдениетін арттыру және оларға педагогикалық қолдау көрсетіледі.
Айтулы іс-шараға Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Төлеубекова бастаған мамандар, ұстаздар және ата-аналар қатысты. Олар өз ойларын ортаға салып, орталықтың жұмыс барысымен танысты.
Айта кетейік, лицей мұғалімдері ата-аналарға апта сайын сабақтар өткізеді. Мамандардың айтуынша,"Мектеп-оқушы-ата-ана" үштігі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқару үшін барын салады.
Міндеттері:
1. Балалардың дамуындағы шығармашылықтың маңызы туралы ата-аналардың идеяларын кеңейту және тереңдету;
2. Отбасы жағдайында баланың шығармашылық әлеуетін толық дамыту үшін ата-аналардың назарын балалар шығармашылығына аудару.
3. Ата-аналардың отбасында баланың шығармашылық қабілетін ұлттық ойындар негізінде дамыту дағдыларын жетілдіру