Алматы облысында ер адам 15 жастағы қызды пышақтап кетті

Алматы облысында кәмелетке толмаған 15 жастағы қызды 23 жастағы ер адам пышақтап кетті. Қансырап жатқан Сулименко Арина Евгеньевна ауыр халде Ұзынағаштың ауруханасына жеткізілген. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“12 қазан күні таңғы сағат 6 шамасында Жамбыл аудандық полиция бөліміне Ұзынағаш ауылының 15 жастағы жергілікті тұрғыны пышақ жарақатымен ауруханаға түскені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігімен аудандық ішкі істер органдарына тіркелді. Жедел іздестіру барысында тәртіп сақшылары 23 жастағы жігітті анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта фактіні тергеп-тексерудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамалық тексерулерді тағайындаумен нақты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде”, - делінген хабарламада.