Алматы облысында көлік дөңгелегі сақталған қойма өртенді
Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр
Алматы облысы Жармұхамбет ауылында алапат өрт. Көлік дөңгелегі сақталған қойма отқа оранды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Тілсіз жаудың жанғаны әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбада өрт сөндірушілердің лаулаған отты сөндіруге күш салғанын байқайсыз. Кейіннен белгілі болғандай, от әкімшілік ғимаратта тұтанған. Шатыр арқылы жанындағы көлік дөңгелегі сақталған қоймаға жайылыпты. Шарпыған аумақ – 700 шаршы метр.
Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілері оттың өзге ғимараттарға жайылмауы үшін күш салды. Тілсіз жауды толық өшіру үшін облыстық өрт сөндіру қызметінің 27 адамы мен 10 бірлік техникасы және Алматы қаласынан 12 қызметкер мен 2 бірлік техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрттің неден шыққаны бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.