Алматы облысында оқушы қызды бөтен ауылға ұрлап кеткен күдікті ұсталды
Алматы облысында кәмелетке толмаған оқушыны күштеп көлікке отырғызып, бөтен ауылға ұрлап кеткен ер адам қолға түсті. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов өзінің Instagram -дағы парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, музыка мектебіне бара жатқан 8 жастағы оқушы қызды күдікті күштеп таксиге отырғызып, Фабричный ауылынан Жібек Жолы кентіне алып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. 1987 жылғы күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды.
«Дерек ҚР ҚК 125-бабы бойынша Жамбыл ауданы ПБ-да тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Өзбекстан Республикасының тумасы болып табылатын 1987 жылғы күдікті анықталып, ұсталды. Заңнамада белгіленген тәртіппен ұсталған адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта істі дұрыс шешу үшін тергеудің жан-жақтылығына, толықтығына және объективтілігіне бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп жазды Бауыржан Әленов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде пайда болған бейнежазба көптің жағасын ұстатқан болатын. Онда оқушы қыздың жылап тұрғанын және онымен бірге еріп келген ер адамды көруге болады. Құдай сақтағанда, куәгерлер 2015 жылы туған оқушыны арашалап, аман алып қалды.