Алматы облысында жас бала 6 оқушыны көлікпен қағып кетті
Алматы облысында жасөспірім 6 оқушы қызды қағып кетті. Оқиға Нарынқол ауылында болған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Әлеуметтік желіде көлік тізгіндеген 10 сынып оқушысының 6 бірдей қызды қағып кеткені туралы ақпарат тарады. Соның салдарынан үш қыз ауыр халде ауруханаға түскен.
Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі мәліметінше, 21 қыркүйекте Райымбек аудандық полиция бөліміне Нарынқол ауылында Subaru көлігін басқарған 15 жастағы кәмелетке толмаған баланың рөлді басқара алмай, жаяу жүргіншілер жолағына шығып кеткені туралы хабарлама түскен.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2008 жылы туған алты кәмелетке толмаған бала зардап шекті, оның бесеуі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Факт ҚР ҚК-ның 345-бабы 2-бөлігі бойынша аудандық полиция органдарына тіркелді. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция.