Thursday, 14 November,2024

Алматыда 94 миллионға салынған учаскелік полиция ғимараты құлауға шақ тұр

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Алматыда екі ай бұрын қолданысқа берілген полиция ғимараты құлауға шақ тұр. Құрылысын небәрі төрт айда тәмәмдаған компания жағдайды түсіндіріп бере алмады, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Almaty.tv хабарлауынша, 94 миллионға салынған учаскелік полиция ғимараты құлауға шақ тұр. Алматы облысы Алатау ауылдық округіне қарасты полиция бөлімшесінің жарылған қабырғасынан дала көрінеді.

Тәртіп сақшылары екі күннен бері елдің тыныштығынан бұрын, бас амандығын ойлап алаңдаулы. Өйткені екі ай бұрын ғана қолданысқа берілген су жаңа ғимараттың едені екіге айырылып, төбесі түсуге шақ қалған. Тұрғындардың тыныштығын күзететін мекеменің мұндай масқара күйге түскенін ондағы полиция қызметкерлері де растайды.

- Қабырғалар құлап кетсе, қауіпті, мұнда халық келеді. Күннен-күнге айырылып жатыр, дала көрініп тұр, – деді Талғар ауданы полиция басқармасының жергілікті учаскелік инспекторы Мадияр Жақабаев.

Бір қабатты ғимараттың құрылысын небәрі төрт айда тәмамдаған жауапты компания жағдайға мүлде басқаша баға беріп отыр. Олардың айтуынша аталған құрылыс құжатқа сай салынып, қағазға сәйкес қаланған. Алайда қабырғадағы жырықтың қалай пайда болғанын түсіндіріп бере алмады.

– Мен нысан құрылысын басынан аяғына дейін жүргіздім. Тапсырысқа берілген. Қазіргі таңда мынадай проблема шығып жатыр, себебін сарапшылар айтсын, – деді құрылыс компаниясының ресми өкілі Әсет Боранғазиев.

Алматы облыстық прокуратурасы жүгінген тәуелсіз сарапшы жағдайдың жақсы емес екенін ашып айтты. Сызғышпен өлшеп, терезесін теңшеп көріп, бір минут та тұрақтап қалуға болмайтынын кесіп айтты.

– Бұл ғимаратта қалу қауіпті. Қабырғасынан дала көрініп тұр. Сырттай қарап шықтым, ғимарат сапалы салынған деп айтуға келмейді. Топырақ отырып кеткен секілді. Нысанды салмас бұрын қандай тексеріс жүргізгенін бІлмеймін. Оны тексеру қорытындылары анықтайды, – деді тәуелсіз сарапшы Тахиржан Құрбанқұлов.

Ал апатты құрылыс басына асықпай келген аудандық ақжағалы сұхбат жайлы ешкім ескертпегенін айтып, өзімізге шүйлікті. Бір қызығы, сынға түскен құрылысқа жауапты компанияның Нұра ауылында салған тағы бір мекемесі масқара күйге түсіп, әлеуметтік желіде әжуа болды. Онда да нысанның сырты құлап кеткен.

– Ғимарат 2023 жылы желтоқсанда қабылданды.Оны «Азамат Құрылыс» мердігер мекемесі салған. Үшінші сәуірде бұл ғимарат қана емес, Нұра, Бесағаш ауылдарындағы ғимарт іргетасының да сырты түсіп жатқанын байқадық. Ол бойынша мердігер мекемеге тапсырма берілді, – деді Талғар аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәбит Тұрсынов.

Сонымен мәселе бүгін шешіммін таппады. Тек тексеріс қорытындысы шығады деп жергілікті билік шығарып салды. Сараптама нәтижесі шыққан соң, жауапты компания қалпына келтіріп беруге міндетті. Себебі ғимарат әзірге кепілдік бойынша сақтандырылған.

 

 

Ұсынылатын