- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- Алматыда “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын негізге алған мектеп тәжірибесімен бөлісті
Алматыда “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын негізге алған мектеп тәжірибесімен бөлісті
Бүгін Алматыдағы № 23 мектеп- гимназиясында “Біртұтас тәрбие” және “Алматы мектебі” атты семинар өтті. Шараның басты мақсаты – оқушыларға білім берудегі жаңашылдықты қоғамға насихаттау, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Біртұтас тәрбие” және “Алматы мектебі” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген семинарға қалалық білім бөлімінің өкілдері, педогогтер және әдіскерлер қатысты.
Жиын барысында № 23 мектеп- гимназиясының директоры Саида Сүндетова бағдарламаның оқушыларға өте жақсы әсер еткеніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жоба жүзеге асқан екі жылдың ішінде мектепте ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болған.
“Денсаулық және қоршаған орта” жобасы арқылы “Біртұтас тәрбие” және “Алматы мектебі” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осы семинарды ұйымдастырып отырмыз. Осы арқылы біз мұғалімдердің біліктілігін көрсеткіміз келеді. Өйткені ұстаздарымыз бірнеше жылда оқушыларға дәріс берудің ерекше үлгісін, соның ішінде жасанды интелект арқылы сабақ берудің қыр-сырын меңгерді. Бұл дегеніміз – әр сабақ қызықты әрі ерекше өтеді деген сөз. Өйткені әр баланың қабілеті мен қарымы әр-түрлі. Осы платформа арқылы біз кез келген оқушыны білімге деген құштарлығын арттырамыз. Бұл - білім саласындағы жаңа бағыт, өзгеріс деп айтсақ қателеспейміз”, - деді № 23 мектеп- гимназиясының директоры Саида Сүндетова.
Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Нұғманның айтуынша, осы жобаның аясында мектепте бірнеше кабинет су жаңа жабдықтармен жабдықталған. Ерекшелігі сол – әр мұғалім оқушының зейінін ашу үшін түрлі әдістерді қолдана отырып, білім береді. Соның нәтижесінде мектеп оқушылары түрлі жарыстарда көш бастаған.
“Бұл біздің мектепте 2022 жылдан бері жолға қойылған жоба. Соның нәтижесінде оқушыларымыз аудандық, қалалық, республикалық жарыстарда, олипиадаларда топ жарып жүр. Ғылыми жобалардан да жүлделі орындар алып жүрміз. Біздің мектеп жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Әзірге бұл жоба қаладағы біздің мектепте ғана жүзеге асырылып жатыр”, - дейді Гаухар Нұғман.
“Біртұтас тәрбие” бағдарламасы еліміздегі мектептерде былтырдан бастап іске қосылғанын айта кетейік.