Алматыда дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды
Алматыда «Қазақ радиосы» ғимаратында қазақтың белгілі дикторы Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
“Алматыдағы сапарымыз аясында Қазақ радиосының ұжымына барып, дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев атындағы студияның ашылу салтанатына қатыстық.
Ұлағатты іс-шара қайталанбас дауыс иесінің, радио ардагерінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
“Қазақтың Левитаны” атанған Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосында 50 жылдай жұмыс істеді. Оның саналы ғұмыры осы қасиетті қара шаңырақта өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Кеңес елдері Левитанның дауысымен естісе, қазақ даласына жеңіс хабарын Әнуарбек Байжанбаев жеткізді.
Қазақ сөз өнерінің қадір-қасиеті Байжанбаевтың қоңыр үні арқылы айшықталды. Қазақ радиосы дегенде бірден елдің есіне Әнуарбек Байжанбаевтың түсетіні сондықтан. Әйгілі диктордың ел руханиятына қосқан еңбегін дәріптеу баршамыздың ортақ парызымыз.
Іс-шарада Әнуар ағамыздың ұрпақтары мен көзін көрген әріптестері, радио ардагерлерінің де жылы лебіздері мен естеліктері айтылды.Ұрпақтар сабақтастығы салтын сақтап отырған ұжымға сәттілік тілейміз!”, - деп жазды министр.