Алматыда есірткі зертханасын ұйымдастырған ер адам 11 жылға сотталды
Алматыда есірткі зертханасын ұйымдастырған ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Uaqyt.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматының Бостандық ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде 27 жастағы жігіт есірткі зертханасын ұйымдастырған.
“Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пәтерді тінту барысында медициналық шприцтер, қолғаптар, лакмус қағазы, жасыл түсті изолента, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электронды таразылар және басқа да синтетикалық психотроптық затты өндіруге арналған құралдарды тәркіледі. Дайын өнім – кристалдар түріндегі ақшыл түсті зат. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат жалпы салмағы 139,57 граммды құрайтын Альфа-PVP есірткі заты. Пәтерден табылған: сұйық, кристалды және ұнтақ күйінде сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Күдікті қамауға алынды”, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті есірткі қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.